Дзюдодан Ұлттық құрама бас бапкері Олимпиада ойындарының шегерілуіне қатысты пікір білдірді

418
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Дзюдодан еліміздегі ерлер Ұлттық құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов Олимпиада ойындарының бір жылға шегерілуіне байланысты ой бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның айтуынша, кей спорт түрлерінде Ұлттық құрама мүшелерінің үйде жүріп әзірлік жүргізуі қалыпты жағдай саналса, татами шеберлерінің жағдайы сәл басқаша.

– Олимпиада ойындарының шегерілуі талай спортшы үшін тосын әрі жағымсыз жаңалық болып қабылданғанымен, спорттық бабын жоғалтпаулары үшін бапкерлер бекіткен нұсқаулықтар бойынша дайындықты үзбеулері тиіс. Десе де төртжылдықтың басты бәсекесіне дейін түрлі Гран-при, Үлкен Дулыға додаларында бақ сынап, өздеріне деген жүктемені көбейткен спортшыларға әзірліктерін тағы бір жыл жалғастырып, бабынан түспеу қиындық келтіреді. Осыған дейін әр дзюдошының олқылықтарына сараптамалар жасап, жоспар бекітіп, жауапты жарыстарға жаттығуды бір сәт те үзбедік. Дегенмен спортшылар Олимпиада ойындарының шегерілуі барлық атлеттер үшін қауіпсіздік шараларын сақтау екендігін жақсы түсінеді, – деді білікті бапкер еліміздің ресми дзюдо парақшасына берген сұхбатында.