Еден жуушылардың тазалау аумағы қанша шаршы метрді құрайды?

1179
көрілім

Мектептегі еден жуушылар қызметіне ненің кіріп, ненің кірмейтінін бұл санаттағы қамту қызметкерлері көп жағдайда біле бермейтіні жасырын емес. Оған бірде өздері мән бермесе, бірде басшылық тарапы мән-жайын айтпай жатады. Осыдан болар бас аурытып, балтыр сыздатар мәселелерімен газет редакциясына қоңырау шалатын оқырмандар қатарының аз болмайтыны. Осы себепті оқырман сауалын назардан тыс қалдырмау мақсатында біз осы салаға жауапты құзырлы мекемеге хабарласып, қамту қызметкерлерінің міндетіне жататын жұмыстар жайын жазып өтуді жөн көрдік.

Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қаербекованың айтуынша, еден жуушылардың лауазымдық міндеттері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 30 қарашадағы №343-п бұйрығымен бірінші шығарылым Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік біліктілік анықтамалығында 398-ші реттік нөмірмен бекітілген екен.

- Ғимараттағы еден жуушылардың тазалайтын аумағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 3 қаңтардағы №77 қаулысымен бекітілген. Аталған құжатқа сәйкес бір еден жуушыға, яғни қызмет үй-жайларын тазалаушыға 250 шаршы метр жинау алаңы белгіленген. Оқушылар сабағы екінші, үшінші ауысымда өткізілетін, сондай-ақ ұзартылған күн бойынша оқытылатын топтары бар білім беру ұйымдарында әрбір 250 шаршы метр жиналатын алаңға 0,5 бірлік лауазым белгіленеді. Сондай-ақ тазалаушыларға дезинфекциялық құралдарды пайдаланатын өндірістік және қызметтік үй-жайларды жинаған кезде базалық лауазымдық айлықақының 20 пайызы, ал дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, дәретханаларды жинаған кезде базалық лауазымдық айлықақының 30 пайызы мөлшерінде үстемақы қарастырылады, - дейді Әсел Қанатқызы.

Жауапты тұлға кешенді қызмет көрсететін қызметкерлер, аспазшылар, ұсталар, электриктер, асхана қызметшілері, кіржуушылар, күзетшілер, кезекшілер, өндірістік ғимарат тазалаушыларына азаматтық қызметкерлерге арналған сауықтыру жәрдемақылары төленбейтінін айтады. Өйткені мұндай қызметшілердің еңбегі кәсіби даярлық пен арнайы сабақтарды талап етпейтіндіктен олар біліктілігі жоқ қызметкерлер қатарына жатады.

- Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының 398-тармағына сәйкес еден жуушылардың жұмысына нысанды, дәлізді, сатыны жинастыру, жиһаздардың, кілем бұйымдарының шаңын сүрту, қабырғаларды, еденді, терезелерді және тағы басқа аумақтарды қолмен және арнайы құрылғылармен сыпырып, жуу, бекітілген орындарға қоқыстарды жинау, шығару, душты, киім ілетін және басқа да ортақ пайдаланатын орындарды тазалау, дезинфекциялау, жуатын және дезинфекциялайтын ерітінділерді даярлау, жуғыш заттарды, құралдар мен ысқыш материалдарды алу, жиналатын ғимараттың санитарлық және гигиеналық ережелерін сақтау кіреді, - деп қосты Әсел Қаербекова.

 

Айзере СҰЛТАН

Фото: ашық дереккөз