Өңірдегі ХҚКО мамандары «eGov mobile» қосымшасының ерекшеліктері мен пайдалану тәртібімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халыққа қызмет көрсету орталығына тұрғындардың көптеп жүгінетіндіктері белгілі. Осы ретте ХҚКО өкілдері сансыз кезектер мен қарбаласқа толы сәттерді азайту тәсілін ұсынды.
- «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы қыруар қағазды әп-сәтте қолға түсіре аласыз. Бұл қосымшада жиі қолданатын танымал қызметтер, сервистер сонымен қатар зейнетақы калькуляторы сияқты бөлімдер бар. Бұдан бөлек, «eGov mobile» мобильдік қосымшасын пайдаланушылар өз құжаттарының цифрлық нұсқаларын сақтай алады. Енді қосымшада жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі, неке қию және бұзу туралы, екпе паспорты және білім құжаттары сияқты маңызды құжаттар бар. Құжаттар тізімі алдағы уақытта кеңейтілмек, - делінген мәліметте.
Бүгінгі таңда тізілімде 690 мемлекеттік қызмет бар көрінеді. Оның ішінде: Мемлекеттік корпорация арқылы 662 (95,9%) мемлекеттік қызмет түрі алынса, «Электрондық үкімет» порталы арқылы 645 қызмет (94,4%), TelegramBot-тан, «eGov mobile» ұялы телефон қосымшасынан қажетті қызмет түрін алуға болады.
Сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік қызметтер электрондық үкіметке көшуі күн санап артуда. Сондықтан осы бастан жүйені дұрыс пайдаланып, тиімділігін өз пайдаларына жарата білген абзал.
- Мобильді үкіметке тіркелу қиындық тудырмайды. Қосымшаны ЭЦҚ-мен немесе бір реттік пароль арқылы авторизациялау арқылы кәдеңізге жаратуға мүмкіндік бар. «eGov mobile» электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы Play Market, AppStore-дан жүктеу қолжетімді. Мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ қажетті құжатыңызды алуға болатын «eGov mobile»-нің пайдасы көл-көсір, - дейді мамандар.