Әкесі мен ұлы – әйгілі палуандар

692
көрілім

Бүгінде қыл құйрықты жануарға қызығатындар саны жетіп жатыр десек олардың қатарында мықты атбегілер сирек. Ұлттық спорт түрлерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, келер буын босбелбеу болмай өссе екен деген жанашырлардың бірі – аударыспақтан облыстың 25 дүркін, республиканың 15 дүркін чемпионы Жұмабек Жәпішев десек қапы айтпаспыз. Аударыспақтан бөлек, ат баптау өнерін қатар алып жүрген азаматтың 40 жылға жуық ғұмырында талай сәйгүлігі мәреге бірінші болып жеткен. Ендеше Ұлан ауданы Алғабас ауылының тумасымен болған сұқбаттты назарларыңызға ұсынамыз.

? – Жұмабек аға, бір сұхбатыңызда атбегілік әкемнен қалған мұра деген едіңіз. Атбегілік өнері өміріңізде қандай маңызға ие, бұл өнердің қыр-сырын қаншалықты меңгердіңіз?

– Бала күнімде жылқы малына деген қызығушылығым ерекше еді. Оған жоғарыда айтылғандай, әкемнің ықпалы зор болды. Тай-құнанға мініп, осы киелі жануардан бір сәт те алыстаған емеспін. Одан қалса, күзге қарай ауылдың ақсақалдары жиналып бізге асау тайларды үйреттіретін. Ал есейе келе ат баптауды түпкілікті қолға алып, республика көлемінде біраз жетістікке жеттім. Нақтырақ айтсам, атбегілікпен 80-ші жылдардан бері айналысып келемін. Еңбегім ескеріліп, ұлттық спорт түрлерінен елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы, Ұлан ауданының Құрметті азаматы сынды марапаттарға ие болдым. Аллаға шүкір, атбегілік арқылы ұлттық спорт түрлерін насихаттап, айтулы дәрежеге жетіп отырмыз.

? – Ат баптауда сіздің талай жүйрігіңіз жүлденің алдын бермегені рас. Сонда ел білмейтін өзіндік әдістеріңіз бар шығар, жалпы сәйгүлікті қалай баптайсыз?

– Бұл орайда әркімнің өз құпиясы бар. Мен үнемі ізденіс үстінде жүремін. Арнайы кітаптардағы деректерге де үңілемін. Айтарым, ат баптауға үстірт қарасаң мақсатың жүзеге аспай қалады. Неге десеңіздер, киелі жануарға иесінің назары ерек болуы тиіс. Ол тұрмақ, қарапайым спортшының өзі дұрыс жүгіруді білмей жатады. Кейде мен оларға да өзім меңгерген тәсілдерді айтып жатамын. Ал жылқы малына келсек, оның күтімі бөлек болуы керек. Кейде білместікпен аттың терін дұрыс алмай жатады, жем-шөбін артық беріп қояды. Өзім тұлпардың тісіне қарап, оның қандай жарақат алғанын біліп тұрамын. Қазақы жылқыны дұрыс баптаудың бір жолы – әу баста айтылғандай тер алу. Ол үшін жүйірктің жілік майын толтырып, қара кемігінен арылтқан жөн. Оны екі айдай уақыт сұлы мен жемге байлайды. Әбден майланған жүйрікті бәйгеге дейін терінің майын сылып алғандай, асқан еппен етінен арылту керек. Тарихтан белгілі, әйгілі Қабанбай бабамыз 70 жасына дейін ат жалында жүріп, жекпе-жекте сан рет жеңіп шыққан. Ал оның «Қубас» атты сәйгүлігі 40 жасына дейін бабын кетірмей, егесін жау қолына тастаған емес. Бұл жерде ат жаратудың бір мәні мен маңызы жатыр.

? – Баптаған жүйріктеріңіз қандай жарыстарда оза шауып бәйге алды?

– 1993 жылы өңірімізге еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келген еді. Сол кісінің келуіне орайластырылып, Марқакөл ауданында республикалық аламан бәйге өткізілген болатын. Сонда мен баптаған жүйрік мәреге бірінші болып жетіп, Елбасының қолынан темір тұлпардың кілтін алған сәт әлі есімде. Бұдан соң Нұрсұлтан Әбішұлымен екі айналым жасап, аз-кем пікір алмасудың өзі бір ғанибет болды.

? – Ат баптау өнерінде бәсекелестік деген бар ма?

– Әрине, онсыз болмайды. Ұлан ауданында Мэлс Нариманов деген ағамыз бар еді. Ол кісінің баптаған жүйрігі мәре сызығын үнемі бірінші болып кесетін. Кейін сәл тәжірибем толысып, осы ағаммен бір бәсекеге түсіп көрмек болдым. Ол кезде ат жаратудың қыр-сырын жетік білетін ақсақалдардан кеңес алып, сол тер алу, атты суыту тәсілдерін біршама үйрендім. Содан барып менің жүйріктерім жүлденің алдын берген емес.

? – Аударыспақ спорты бойынша жеңіп алған жүлделеріңіз жетерлік. Жалпы, спорттың осы түрімен неше жастан бастап айналысқан дұрыс?

– Балалар 8-10 жастан бастаса болады. Ермек деген ұлым тоғыз жасынан бастап айналысқан. Көп жағдайда жас ерекшелігі спортта өзіндік маңызға ие болып жатады. Кез келген спортшы жасы отыздан аса спорттық мансабын аяқтап, бапкерлікке, болмаса басқа кәсіппен шұғылдануға бет бұрады. Ал аударыспақтың ерекшелігі сол, кез келген уақытта бастасаң да кеш емес. Өзім аударыспақпен 44 жасыма дейін айналыстым. Алысқа бармай-ақ бәйгеде бақ сынайтын шабандоздардың жастайынан келетіндігі сөзімізге дәлел болмақ. Сәйгүлік мінген шабандоздың салмағы неғұрлым жеңіл болғаны абзал. Ал аударыспаққа білек күші толысып, тақымы мықты болғанда келсе де құба-құп.

? – Бұл спортпен айналысамын дегендерге қандай қасиет тән болуы керек?

– Алдымен тұлпарыңның бабы келісіп тұруы тиіс. Кейде көкпар аттарын аударыспаққа салып жатады. Бұл жерде ол тұлпарлардың шама-шарқы аударыспаққа түсетін аттарға жете бермейді. Қимыл үйлесімділігі деген болады. Аты мен егесінің бірлесе қимылы жеңіске жетудегі алғышарттардың бірі. Байқаған шығарсыздар, шеңбердегі палуан көп жағдайда атының ыңғайымен жеңіске жетіп жатады. Одан бөлек, ойың да жүйрік болуы керек. Палуан қанша жерден құрыш білекті болса да, тез шешім шығара алмаса мерейінің үстем болуы екіталай.

? – Аударыспақпен айналысып жүргеніңізде жарақат алған кездеріңіз болды ма?

– Шынымды айтсам, ат үстінде отырып күрескенде бірде-бір рет жарақат алмаппын. Бір жағынан дайындық та өз деңгейінде болды, бір жағынан қарсыластарымды жолынан ығыстырудың жолын біліп тұратынмын. Ал жаттығу кезінде ат жаратып жүргенімде, бірнеше мәрте ауыр жарақаттар алғаным рас.

? – Қазір біздің өңірімізде аударыспақ спортының даму деңгейі қандай. Бұл орайда басшылық тарапынан қолдау бар ма?

– Соңғы бес жылда өңір көлемінде ат спорты түрлеріне көңіл бөлінбей келеді. Бір кездері Тоқан Базарханов ағамыз көрсеткен қолдауды айта кету керек. Бірақ одан бөлек, ат спорты түрлерінің жанашырлары азайып кетті. Облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін халықтық ойындар да екі жылда бір рет өтеді. Палуандардың тым ұзақ демалуы да дұрыс емес. Осыдан кейін аймақта ат спорты түрлері қалай дамиды? Өзге өңірлер үнемі қатысатын оқу-жаттығу жиындарына да қаржы бөлінбейді. Бертінге дейін біздің өңір аударыспақ, көкпар сынды спорт түрлерінен алдыңғы қатарда болған. Қазір сол беделіміз түсіп тұр. Аймақ басшысы ықылас танытса, ауылды жердегі біраз жастар ұлттық спорт түрлерімен айналысуға даяр.

? – Ұлыңыз Ермек те осал палуан емес. Есімі республикаға танылған. Оның аударыспаққа келуіне сіз ықпал еттіңіз бе?

– Солай деуге болады. Оны ипподромға кішкентай кезінен әкеліп жүрдім. Бір жағынан бұл спорт адамды шапшаңдық пен төзімділікке үйретеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлымның ат спорты түрлерімен жақын болуын заңдылық деп білемін. Нақтылап айтсам, ұлттық спорт түрлерімен бүкіл әулетіміз айналысады. Ермек осы уақытқа дейін еліміздің 11 дүркін чемпионы атанып үлгерді. Қазір өз салмағында теңдессіз болып тұр.

? – Ермек ат үстінде күресіп жатқанда өзіңізде қобалжу бола ма?

– Айтарлықтай қатты қобалжу болмапты. Өйткені ұлыма сенетінмін. 17 жасында Азия чемпионы атанып, бір қуантқаны бар. Сонда ірі додада өз мүмкіндігін алғаш рет байқаса да, барлық кездесуінде сенімді түрде жеңді. Ол кезде 70 келіде бақ сынап жүрген болатын. Қазір салмағын ауыстырды. Ермек – аударыспақ бойынша елімізден шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазір да үнемі дайындық үстінде.

? – Алдағы уақытта аударыспақ бойынша қандай жарыстар күтіп тұр?

– Қыркүйек айында Ақтөбе облысында ат спорты түрлерінен фестиваль өтпек. Соған өз күшімізбен барып, қатысып қайтпақ ойымыз бар. Ол жерде үздік нәтиже көрсетсек, әрі қарай Әлем чемпионаты күтіп тұр. Яғни, бірінші және екінші нөмірлі палуандар құрамаға алынып, ел намысын қорғамақ. Фестивальда Ермек 80 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайтын болады.

? – Қазір балалар көп уақытын ұялы телефонға телмірумен өткізіп, әлеуметтік желілерге жиі үңіледі. Соларға деген ағалық лебізіңізді білдіре кетсеңіз…

– Бір өкініштісі, бүгінгі жастардың жанарынан алға ұмтылуға деген құштарлық байқалмайды. Жанарларында жалт еткен жалын жоқ. Сондай заман ғой қазір, ата-ана бауыр еті баласының өздері жоқта не істейтіндігінен бейхабар. Осыдан 15-20 жыл бұрын ауылдың қара домалақ балалары асау тайға мініп, өзара жарыс өткізіп құлперем болысатын. Әрбірден кейін, атқа мінудің денсаулыққа да пайдасы зор ғой. Одан қалса, ат өнері деген ата-баба қанына сіңген ежелден келе жатқан үрдіс. Оны жалғастыру – біз үшін парыз деп есептеймін өзім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, келешегі зор жас буын уақытын бос өткізбей, тым болмағанда спорттың бір түрімен шұғылданса деймін. Ал ат спортына аңсары ауып тұрса, тіптен құптарлық жайт.

? – Сұхбатыңызға рақмет. Алда алар асуларыңыз көп болсын!

Әділхан ЕСІМХАНОВ