«Екі ауысымда 1200-ге тарта бала оқиды»: Өскемендегі қазақ мектебінің құрылысы бірқалыпты жүріп жатыр

110
көрілім

Осы мектептің құрылысы басталып, жұмыс жүріп жатқан кезде аралас тілді бола ма, жоқ, қазақ тілінде білім бере ме деген сауал қойылған еді. Нақтыланған соң, енді оның уақтылы әрі сапалы етіп салынып бітуі басшылыққа алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл мектеп драма театрдың артында орын тепкен. Білім басқармасының өкілдері оның 600 орынға шақталғанын және мемлекеттік тілде оқытатынын айтқан болатын. Жуықта қауырт жұмысқа қатысты қала әкімі Жақсылық Омар ой білдірді. 1-ші қыркүйекке дейін құрылыс аяқталуы тиіс дейді.
- Екі ауысыммен 1200-ге тарта бала оқиды. Директордың міндетін атқарушы тағайындалып қойған. Оқытушылық құрам да жасақталуға таяу, оқулықтар жетеді, - деді Жақсылық Мұқашұлы.
Мектеп жанында футбол алаңы бар, тротуарлар да жуық арада қолданысқа берілмек. Жүгіру жолақтары, спортты серік еткендер үшін ядро лақтыру алаңқайы салынады. Білім ошағының алдына орындықтар қойылады, құрғақ фонтаны бар аллея ашылады деп жоспаланған.
- Осы уақытқа дейін 735 бала тіркеуден өтті. Бірінші сыныптан төртеу болатыны белгілі, әрқайсысында 25 баладан. Үш даярлық сыныбы бар, оған 75 бүлдіршін тіркелді. Тамыз тәмам болғанша, жазылу жалғаса береді, - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова.