Екі бүйрегі істемейтін Берік Шаяхметов өмір үшін күресуде

528
көрілім

Тағдыр шіркін қанша жерден қаһарын төгіп, дүниенің ойраны шығып, айнала астан-кестен болып жатса да, барлығын қаз-қалпында қабылдайтын жандар аз емес. Демек олар сенім атты кеменің желкенін көтеріп, асау толқынға мойымай алға қадамдайды. Екі жұптың ел қатарлы ғұмыр кешіп, ағыны қатты, мінезі сәт сайын құбылып сала беретін өмір-өзеннің иіріміне түскеніне алты жыл болыпты. Замандастарынан, қараша жұрттан айтарлықтай айырмашылығы жоқ жас жұбайларға тағдырдың жіберген тосын сыйы мұншалықты ауыр әрі зілді боларын өздері де, жақындары да еш күтпеді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп жатады. Олар пешенеге жазылғандарынан озуды ойлаған емес, қайта арман-тілектері біреу – жастықтың жалыны қамшылап, өмірге деген құлшыныс төгіліп тұрған алаңсыз тірліктерін қайта бастау.

Құрылыстағы қауырт кез

Өскеменнің шет ауданына, қазірде Ескі Ахмер аталатын кентіне бұралаң жолға түсіп, аяқ асты келіп жабысқан дертпен аянбай айқасып жатқан Шаяхметовтер отбасы жайлы естіп, арнайы бардық. Тар үйде тарығып отыр деудің еш жөні жоқ. Бөлмелері шағын болғанымен осы үйдің шырайын кіргізіп отырған Анастасияның пысық-ширақтығынан жұбайы Берік жұмыстан келгенде «қайран менің өзі үйім, кең сарайын боз үйім» деп жары мен ұлының маңдайынан мейірлене иіскейтін. Иә, қос ұлттың құдандалы болып, қуаныштың куәсі атанғандары рас. Берік Бесқарағай ауданы Бөкебай ауылының тумасы. Қазір жиырманың тоғызында. Қайраты жетіп, қылшылдап тұрған шағы. Солай-ау негізі, алайда өткен жылдың күзінде кенеттен болған өзгеріс сол сәтте-ақ жұбайлардың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Ал оған дейін жерлесіміз Бөкебай ауылында көп тұрақтамай, Самар ауылының маңындағы Лесхозда тұрған. Өмірдің алғашқы соққысы Берікке бесінші сынып оқып жүргенінде тиді. Тәңірінің қалауымен алдымен анасынан, іле әкесінен айырылды. Бұдан соң ата-әжесінің тәрбиесінде болып, тоғызынша сыныпқа дейін Көкжота ауылында білім алады. Артынша Семейде заңгер мамандығын тәмамдап, араға аз уақыт салып Отар әскери бөлімшесінде азаматтық борышын өтеп қайтады. Табиғатынан спортты серік етіп, әркез әзірлік барысында жүретін бесқарағайлық жігіт 2011-12 жылдары Отан алдындағы борышын келген соң құрылыста жұмыс істейді. Табысы да аз емес-тін. Осы уақытта жұмыс істеп жүріп жек-жектерге де шығып жүрді. Аумалы-төкпелі өмірдің бір сәтін ырқына көндіріп, бағытын тапқандай болды. Араға көп уақыт салдырмай сүйіктісін жолықтырды.

Жекпе-жек сәтінен

– Асханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істеп жүргем. Сонда біреу келіп білегімнен шап берді. Бұрылып қарағанымда ашаң жүзді, жылы жүзді жігітті көрдім. Телефон нөмірімді сұрады. Әлеуметтік желіден таба алса сөйлесіп көрелік дедім. Берікпен тез тіл табыстық. 2015 жылы отау құрып, содан бері жұбымыз жазылған емес, – деді Анастасия.

Кенеттен келген кесел

Өзі Ұлан ауданы Азовое ауылының тумасы. Ата-анасы сол жақта. Араға жыл салып ұлды болды. Иә, араға жыл салып, Анастасия шекесі торсықтай Нариманды өмірге әкеліп, қуаныш үстіне қуаныш қосылды. Жұбайының жекпе-жектегі жанкештілігіне жанкүйер бола жүріп, азовоелық ару үй шаруашылығын тап-тұйнақтай. Оған қоса Берік Өскемендегі әскери бөлімге жұмысқа тұру үшін құжат жинап, қан тапсырып, нәтижесін күтіп жүрген. Міне, әскери бөлім тағы бір тың күшпен толықты дегенде кенеттен деміге бастады. Тұншықты. Өткен жылдың қазан айы болатын. Ауа жетпейді. Түн мезетінде жаны қысылып, Берік көрер таңды көзбен атырды. Осылай үш күн жалғасты.

– Бәлкім құрылыста жүріп қатты шаршаған болармын дедім. Алайда жатсам болды, тұншығамын. Ертесінде бірден диагностикалық орталыққа кардиолог маманға бардық. Жүректің қатысы болар деп топшыладық. Алайда анализ тапсырып, толық нәтижесі қолымызға тиген соң екі бүйректің де істемейтіні белгілі болды. Сосын шұғыл жағдайда осындағы ауруханаға жаттым. Бүйректің істемеуінен жүрек те отырып қалған екен. Кардиомиопатия дейді. Содан он күндей жаттым, – дейді жерлесіміз.

Беркі жұбайы Анастасия және ұлы Нариманмен

«Қолыңды көзіңнің қарашығындай сақта»

Осылай үш мәрте жатып, кейін елордаға жол тартты. Ол жақтан келген соң сол қолына ота жасап, диализ қойды. Бүйрек шығара алмайтын сұйықтар мен қалдықтарды шығарып отырды. Дәрігерлер «сол қолыңды көзіңнің қарашығындай сақта» деп жіті тапсырған. Диализды аптасына үш рет қояды. Содан бері бір қолымен екі келіден артық жүк көтермейді, әйтпесе жағдайы күрт нашарлап кетеді. Анастасияның айтуынша, бастапқыда Нұр-Сұлтан қаласына барып келгендері облыстық ауруханада емделуіне тұрғылықты мекенжайларына қарай тегін қаралуға жолдама берілмеген. Айналып келгенде қалтаға салмақ түсіп, екеуі қаражат таппай қиналады.

– Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына бардық, – дейді Анастасия. – Ол жердегілер «егер Жаңа жылға дейін келгендеріңде тексерілуді де, барған жол шығындарыңызды да өтеп берер едік» деді. Иә, біз Жаңа жылдан кейін барып едік, соған байланысты заңнамада өзгеріс болған көрінеді. Десе де біз елордаға наурыз айында, ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасына Жаңа жылдың алдында бардық. Жаңа жылдан кейін барғанымызда «Әу баста бізге келіп, жолдама алғандарыңда жөні басқалай болар еді. Өз беттеріңмен тексеріліп жүр екенсіңдер, онда ешбір шығындарыңды өтей алмайыз. Енді мұнда келіп жүгінудің еш реті жоқ» деді. Сонда ешкім жолдама бермесе, күйеуімнің қашан жағдайы нашарлайды деп отыра беруіміз керек пе?

Анастасия өмірлік жолдасының басына түскен қиындыққа төзімділікпен қарай білді. Белді бекем буып аурухана есігін тоздырумен жүрді ылғи. Соның нәтижесі болар, жағдайы лезде құбылып, үйде отырса демігіп кететін жұбайын ауруханаға жатуға зорға дегенде қабылдады. Ал бұған дейін нефролог мамандар «жә жетер, енді оған көмек көрсеткеннің сауығып кетуіне үміт жоқ» деп немкетті жауап ұсынған. Бұл да бір айқас еді. Білдей басқармаға қарасты мекемелердің бейқам әрекетіне батыл қарсы тұрған Шаяхметовтер отбасының мерейі үстем шықты.

«Алаяқтар» деп айып таққан

Бұдан соң Беларусь астанасы Минскіге атізін салып, ота жасатуға кезекке тұрды. Қазір Берік денсаулығына байланысты жұмыссыз. Жұбайы балабақшада тәрбиеші. Минскіге баруға қаржыны қайдан тапты деген сұрақ туындайтын болар. Арқасүйер азаматының кенеше жабысқан кеселімен арпалысып жүрген Анастасия @shayahmetova_anastasiya жинақ парақшасын ашқан. Иә, қазіргі қым-қуыт қоғамда жүрегі нұрлы жандар қолұшын беруден ат тонын ала қашпады. Сол сәттерде «ҚазЦинк» компаниясының атымтайлары Минскідегі тексерілудің алғашқы кезеңін, яғни 3 млн теңгесін төлеп берді.

– Жинақ ашылған соң түрлі ұсыныстар түсті. Ине саламыз, жүрек жұмысын жақсартуға қолұшын созамыз деп ағынан жарылғандар болды. Шыны керек, жүрексіндік. Танымаған адамдар болған соң байланысқа шығуға үрейлендік, – дейді Беріктің жан серігі.

Қызығы сол, жинақ парақшасы ашылған соң әлдекімдер мехнат көріп отырған жандардың бұл әрекетін алаяқтыққа балап, сырқаттарының қауіптілігіне селкеу түсірген. Бүйрегі істен шыққанның өзінде екі емес, 10-20 жылға дейін өмір сүруге болатындығын түсіндіріп баққан. Алайда сараптама нәтижесі бәріне куә. Елордаға жетіп, облыс дәрігерлері жазып берген қорытындыны көріп, елордалық ақ халаттылар жүректегі калий мөлшерінің деңгейі алтыға жеткенін, сегіз болғанда жүрегі тоқтап қалатындығын түсіндірген. Ол кезде диализ қолданбаған еді, Нұр-Сұлтандағы мамандар оны естігенде тағы жағаларын ұстады. Өйткені онсыз Берік кез келген сәтте есінен танып қалуы кәдік. Ал дәрігерлердің кесіп-пішіп айтқаны: «қос бүйрегі бұрыннан толыққанды жұмыс істемеген көрінеді, 6-7 жасынан бастап жасырын белгілерімен ауырған». Содан түрлі қалдықтар мен сұйықтықтар уақтылы шықпай, соңы кардимиопатияға алып келген. Тағы да бірнеше сырқаты бар. Әйтсе де жауар бұлттай төніп тұрғаны – қос бүйректің жұмыс істемеуі. Елордалық мамандар мұның емі бар деген. Уақыт, шіркін, бір сәт те аялдап, ерлі-зайыптылардың сәл де болса ес жиюларына еш мүмкіндік бермей тұр. Еншілерінде екі жыл уақыт бар, осы аралықта дереу ота жасату қажет. Өйтпегенде жүрегі гемодиализ аппаратының екпініне шыдас бермей, соңы бүйрекпен қоса жүректі де ауыстыруға алып келмек. Осыны айта келе Анастасияның көзі жасаурап, көңілі босап кетті. Мөлдіреген көз жасынан келіншегінің отағасына деген махаббаты соншалық ыстық, жұбайының құлан-таза айығып кетуі үшін неге болса да әзір екенін анық аңғардық.

Қажет деген қаржының жартысы да жиналмады

Жалғыз емі – басқа бүйрек салдыру. Дегенмен ол үшін Шаяхметовтер отбасына 27 млн теңге қаржы қажет.

– Берік қалалық ауруханада жатқанда нефролог дәрігермен жолықтым. Ағзаны ауыстырып салудан да хабары бар маман, – дейді Анастасия. – Жөн сілтеуін өтіндім, себебі ота жасатуға қомақты ақшаны табу мүмкін емес. Туысқандық донор да жоқ. Біріншіден, менің қан тобым сәйкес келмеді, ал күйеуімнің әке-шешесі оқушы кезінде көз жұмған. Әпкелері мен інілерінің де қан тобы сәйкеспеді. Ал ел көлемінде қаражатымыз жеткеннің өзінде бүйрек сатып ала алмаймыз. Рұқсат жоқ.

Егер туысқандық донор мүмкін болса, онда елордада квота арқылы ота жасалатын еді. Ал мүрдеден алынған бүйректі салу үшін кезек саны өлшеусіз. Сол себепті бас қаланың дәрігерлері қаражат тұрғысынан аз да болса қолжетімді деп Минск қаласын нұсқаған. Содан маусым айының 20-сы күні жинақ парақшасы ашылып, күні бүгінге дейін 7 млн теңге қаржы жиналыпты. Анастасия белгіленген соманың әлі жартысы да жиналмағандығына қапалы. Уақыт керуені жылжып барады. Беріктің жүрегі шыдас берсе екен.

– Біздің елде ата-аналар мейлі туысқандары болсын, бақилық болғанның мүрдесін донор-өлік етуге рұқсат етпейді. Естуімізше, былтыр осы әдіспен жылына тек бір мәрте ота жасалыпты. Ал кезекте әлі 3000-ға жуық науқас тұр, – деді үмітті бағдар еткен келіншегі.

Берік табиғатынан сабырлы, біртоға жігіт. Жанарынан жабырқау кейіп емес, жігер байқалды. Үйден шыға бере жарына қарап: «Тығырықтан шығар есіктің қақпасын сан рет қағып, қамқорлығын аямаған аруға үйленген Беріктің бағы бар» десек, «Жо-жоқ, иман сауыты берік азаматқа өмірлік серік болған менде арман жоқ» деді Анастасия. Үміт қылын жалғай түскен жарасымды жұп! Жалыннан жасқанған жандар бұлар емес. Мезгілсіз жеткен кесапатқа тойтарыс беретіндіктеріне біз де кәміл сенімдіміз. Егер қолұшын беруге ниет еткендер болса мына телефон нөмірлеріне хабарласыңыз:

8-7232-700-118; 8-747-978-48-44.

Kaspi GOLD: 4400 4301 1571 5838; 8-747-978-48-44

Сбербанк 4578 3200 0985 7034

Instagram: @Shayahmetova_anastasya.

Halyk BANK 4405 6397 9635 0120

KASPI TERMINAL (GOLD) ЖСН: 940924451010

Әділхан ЕСІМХАНОВ