Екі жасар қызымды балабақшаға алмауы заңды ма?

667
көрілім

Қызым екі жаста. Қыркүйек айынан бастап жұмысқа шығуыма байланысты оны жекеменшік балабақшаға бермекші болдым, алайда оның бетінде моллюскісі бар деп алмай қойды. Балабақша қызметкерлерінің бұл әрекеті қаншалықты заңды? Қызымды балабақшаға алудан бас тартуға олардың құқықтары бар ма? Бетіндегі қотырды пинцетпен жұлдырып тастайық деген ниетпен дерматолог дәрігерге барып едік, ол ондай ота жасамайтынын айтып шығарып салды. Енді не істесем екен?

Мақпал, Глубокое ауданы

Сіздің сұрағыңызға жауапты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан табудың сәті түсті:

Мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың медициналық қамтамасыз етілуі ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №217 бұйрығымен регламенттеледі. Аталмыш Санитарлық қағидалар барлық мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу нысандарына қатысты (мемлекеттік және жекеменшік балабақша-бөбекжайлар, балабақшалар, отбасылық бөбекжайлар, шипажайлық бөбекжайлар, Мектеп-балабақша кешендері, мектепке дейінгі шағын орталықтар). Осы Санитарлық қағидалардың 230-тармағына сәйкес, балабақшаға баратын балғындар медициналық тексерістен өтіп, денсаулығы туралы анықтаманы апаруы тиіс. Ал, жұқпалы моллюск диагнозына келер болсақ, бұл шешек тәрізді вирустар тобына жататын вирустық инфекция. Ол адам терісін, кейбір кездері шырышты қабақты зақымдайды. Инфекция ауру адаммен қарым-қатынас жасаған кезде немесе күнделікті қолданатын заттар арқылы жұғады. Осы себепті сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға жүгініп ем алып, ары қарай мектепке дейінгі мекемелерге рұқсат алуыңыз керек.