Жуықта Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ең әуезді дауыстары анықталды. Ақпан айының ортасында басталған конкурс Наурыз мейрамы қарсаңында өз мәресіне жетті. «Университет «XYZ ҰРПАҚТАРЫ» жобасы аясындағы ұйымдастырылған ән байқауына студенттер, университет және колледж қызметкерлерімен қатар ардагерлері де қатысты.
Көрермендер ең көп дауысты №3 дуэт - Саят Кенбаев пен Гүлмарал Тұрғамбековаға берді. Олардың әнін 8,5 мыңға жуық адам көріп, жартысына жуығына ұнады. Бүгін байқау жеңімпаздары мен қатысушылары марапатталды. Салтанатты жиында бірінші проректор Сәуле Рахметуллина сөз сөйлеп, мұндай конкурстың маңыздылығына тоқталды.
-Университеттің техникалық бағытына қарамастан, өнерлі жастар, қызметкерлер көп екеніне көзіміз жетті. Пандемия уақытында, жас және аға буын өкілдері бірігіп, осындай мерекелік көңіл-күй сыйлағандарыңызға көп рахмет. Алғаш рет өткізілген байқау дәстүрге айналып, әлі талай өнер иелерін анықтайтын боламыз, -деді Сәуле Рахметуллина.
Еске сала кетейік, арнайы өткізілген тыңдалымнан суырылып шыққан талантты жандар дуэттерге біріктіріліп, өз нөмірлерін дайындаған болатын. Байқау қатысушыларымен халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы хор пәндерінің оқытушысы Жанар Мұхтарқызы жұмыс істеді. Конкурстың шешуші концерті Халықаралық әйелдер күніне орай университеттің ресми YouTube каналында көрсетіліп, әр жұптың орындауымен бейнероликтер жүктелген еді.
«EKTU ДАУЫСТАРЫ – ГОЛОСА EKTU» байқауының демеушілері АО «Forte Bank» және геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау мамандығының түлегі Аслан Ризабеков болды.