Елбасы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған үндеу жолдады

506
көрілім
Фотосурет - 24.kz сайтынан

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қазақстандықтарға арнап үндеу жолдады. Үндеу мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

- Құрметті отандастар! Біз бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күнін атап өтеміз. Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқи­ға­лардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек. 1917 жылы болған Қазан сая­си революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргізген ауыл ша­руа­шылығын жедел ұжым­дастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволюциялық дамуын күрт үзді. Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады. 1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті, - деді Елбасы.

Президент атап өткендей, бұдан кейін саяси репрессия басталып, ол қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты.

- Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жаза­лау лагері құрылып, онда соттал­ған­дар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақ­стан­ға еріксіз, күшпен жер аударылып кел­ген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды. Мұның бәрі - «коммунизмнің жарқын болашағы» атты жалаң ұранмен жасалған қасіретті тәжі­рибенің салдары. Эволюциялық дамудың орнын революция басқанда, осылай болады. Еліміздің әр қиырында бой көтеріп жатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументтері - қазақ жерінен пана тапқан сан түрлі халықтардың шынайы ризашылық көңілінің көрінісі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, орасан шығынға ұшырағанына қара­мастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиет­терін сақтап қалды. Қа­ты­гездікке бой алдырған жоқ, сан ға­сырлық даналығын да жоғалтпады.

- Бірақ, еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына - Тәуелсіздікті ба­ғалап, сақтай біледі. Тарихымыздың осы ащы тағы­лымы оны Қазақстанның қазір­­гі ұрпағының жадына тоқып, зер­десіне түйе білуімен құн­ды болмақ. Сондықтан Қазақстандағы әлеу­меттік бірлік пен ұлт­ара­лық келісім, елдің тұрақты экономикасы мен биік халық­ара­лық абырой-бе­де­лі халқымызды ХХ ғасырда бас­тан кешкен зобалаңдардан сақ­тай білетін сенімді кепіл болып сана­лады. Өткен ғасырдың қасіретті кезең­дерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді бағалай білуге тиіспіз, - деді Елбасы.