«Әлем барысында» еліміздің намысын қорғап жатқан бес балуанның бірі Ержан Шынкеев Ираннан келген Мозами Фар Вахиттен басым түсті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ирандық балуан мен жерлесіміздің белдесуі көпке созылған жоқ. Қазақ күресімен бірге дзюдоны еркін меңгерген Ержан әу бастан-ақ боз кілемнің иесі кім екенін таныта білді. Тартысты белдесу 1:09 минутында соңына жетті. Амалдап әккі әдіске салып жіберген Ержан ирандықты алып ұрып, таза жеңіске жетті.
Еске сала кетсек, Астана қаласындағы «Барыс Аренада» бүгін «Әлем барысы» додасы өтіп жатыр. Осыған дейін алғашқы кездесуін өткізген 2017 жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев камерундық қарсыласын жеңген болатын. Сонымен бірге, Моңғолиядан келген Серік Бердімұрат кубалық қарсыласын ұтса, Қытайдан келген Есбол Жақитан грециялық балуаннан ұтылып қалды.