Әлем Халықаралық ілбіс күнін атап өтуде

374
көрілім

Бүгін Қазақстан Халықаралық ілбіс күнін атап өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Ілбіс - Қызыл Кітапқа кіргізілген көп жануардың бірі ғана емес, ол - тәуелсіз Қазақстанның ұлттық символы. Жалпы, әлемде, сарапшылардың айтуынша, шамамен 4000 шақты ілбіс қалған.

Қазақстандағы саны 130-150 айналасында. Олар негізінен Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тауларын мекендейді.

Экологтар барыс популяциясын сақтаудың басты шарттарының бірі оларды жұртшылыққа насихаттау екендігін айтады. БҰҰ Даму бағдарламасының жоба менеджері Талғат Кертешевтің айтуынша, Қазақстандағы барыс популяциясын қадағалау бағдарламасының аясында 290 фототұзақ сатып алынған. Олар Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қорықтар мен ұлттық парктерге қойылды.

БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдерінің сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда ілбіс аулаған бірде-бір браконьер болмаған.

Айта кетейік, 2013 жылы ілбісті сақтап қалуға арналған Бішкек дүниежүзілік форумында 12 ел — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Непал, Бутан және Ресей өкілдері бас қосқан.

Еске салайық, ілбіс популяциясын сақтау мен браконьерлікке қарсы шаралардың маңызы туралы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің ілбісті сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары Виталий Времиш айтып берген болатын.