Әлем пір тұтқан қазақ Батырлары облыс орталығында қаншалықты дәріптелген?

1234
көрілім

Қазақтың маңдайына біткен қайтпас қайсар мінезді перзенті Бауыржан Момышұлы елімізге ғана емес, әлемге танымал тұлға. Әлемдегі әскері ең мықты Израильдің әр жауынгері, «Еркіндік аралына» айналған Куба мемлекетінің революция көшбасшылары Фидель Кастроның, Эрнесто Че Гевараның, Фернандо Мартинес Эредианың піріне айналған қазақ баласын бүгінгі ұрпақ ұлықтай алуда ма? Әрине, қазақтан шыққан тұңғыш батальон командирінің есімі қазақ даласының әр қаласында құрметтелмей жатыр деу шындыққа жанаспас. Бірақ, игі үрдістің бағыты Өскемен қаласында әлі де жолға қойылмаған сыңайлы. Атап айтсақ, атамыздың есімі қала сыртындағы Күленов кентінің ойлы-қырлы тау бөктерінде жатқан 20 үйлі бір көшесіне ғана бұйырған. Біз ол көшені өткен жылы да, биыл да барып көзімізбен көріп қайтқанбыз. Қыста қарға батып, көктем-күзде сазға айналатын, жарық шамы да, жол жабыны да жоқ көшеге есімі бұйырған атамыздың аруағын қорлағандай әсермен қайтып, бірнеше рет мақала жазған едік…

Тарих тереңіне үңілсек

1963 жылы испантілді газеттерде Куба революциясының көшбасшысы Фидель Кастромен болған сұхбат жарияланды. Сұхбат барысында кубалық «команданте» Александр Бектің «Волколамск тас жолы» кітабындағы қазақ Бауыржан Момышұлын екінші дүниежүзілік соғыстың батыры санайтынын айтқан еді. Ал тағы бір кубалық төңкерісші Фернандо Мартинес Эредиа «Кубалықтар марксизм-ленинизмді оқығаннан гөрі, «Волоколамск тас жолы» кітабын оқуға әуес» деп жазды. Кубалық революцияның бейнесіне айналған кубалық Эрнесто Че Гевараның өлгеннен кейін сөмкесінен осы кітап табылған. Кубалық еркіндік аңсаушылар үшін бұл кітап ұрыс жүргізудің оқу құралы болып табылатын. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлының ұрыс тәжірибесі Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевара үшін аудай қажет еді. Әскери ғылымға «Бауыржан серіппесі» деген атпен енген әдіс аз отряды ғана бар төңкерісшілерге күші басым жауды жеңуге жағдай жасады. 

Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы «Бауыржан серіппесі» әдісін қолданып, фашистердің Мәскеуге жылжуын тоқтатты. Немістердің 4-ші танк тобын басқарған генерал-полковник Эрих Гепнер Адольф Гитлерге берген мәліметінде «Бұл жабайы дивизия ешқандай ұрыс ережелеріне бағынбай соғысады. Ал оның сарбаздары тұтқынға берілмейтін бірбеткей, әрі өлімнен қорықпайтын адамдар» деп жазады.

Кейін Фидель Кастро Мәскеуге келген сапарында Бауыржанмен арнайы кездесіп, пірінің қолын қысты. Кубаға шақырып қонақ етті. Куба астанасы Гавананың алаңына жиналған кубалықтар Кеңес Одағының делегациясын емес, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлын көру үшін жиналды. Әскерилер алдында дәріс оқыған қайсар қазақтың «үйретері көп» деп Кубада ұзағырақ болуын да қалады…

Бауыржанның ерліктерін әлемдегі ең мықты, кәсіби әскері бар Израиль мемлекеті де пір тұтады. Ер-азаматтармен қатар, әйел заты әскери борышын өтеуге міндеттелген Израильде әрбір жауынгер «Волоколамск тас жолы» кітабын оқуға міндетті әрі қойын кітабы. Мұны 2016 жылдың 22 маусымы күні Мәскеудегі Кремльде өткен жалпыресейлік тарихи Кеңес барысында Израильдің Ұлтшылдық құрбандары және қарсыласу қозғалысы батырлары ұлттық институтының директоры Арон Шнеер Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің алдында айтқан болатын.

Әрбір Израиль офицерінің қолына қарумен қатар, аталмыш кітаптың бірге берілетінін алға тартқан ол, мұның жай ғана құр оқу құралы емес, шайқаста әрекет ету нұсқаулығы екенін айтты. Осылайша қайсар қазақтың қайтпас мінезін пір тұтқан израильдіктер шын ерлікті дәріптей білетін халық екенін дәлелдей білді.

Көзі тірісінде Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырмаған батыр атамызға бұл атақ 1990 жылы, яғни көз жұмғаннан кейін сегіз жылдан соң Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында берілді.

Есімдері еленді ме?

Бауыржан Момышұлының атын Өскеменде ардақтау бүгін ғана туындаған мәселе емес. Тау тұлғаның тас мүсіні де бұйырмаған көшенің қала сыртында қалыс қалғаны біздің ғана емес, осы көше тұрғындарының да жандарына батады. Қасат қары қалыңдаған сайын күрелуі қиынға соғатын көшеде тұратын қырық тұрғын (бүгінгі таңда аталмыш көшедегі 20 үйде 40 адам тұрады) бір қыста қырық жылдың қиындығындай азап тартып отыр. «Атамыздың атына берілген көшені ардақтайық» деген тұрғындар өткен қыста газет редакциясына хабарласып, мәселелерін жеткізген болатын. Бірақ содан бері бұл көше атаусыз көшедей назардан тыс, жарық шамы жағылмай, жол жабыны ағымдағы жөндеу деңгейінде ғана қалып отыр. Жақында аталмыш көшеге барып қайтқан газет тілшілері осындай кемшіліктің тағы бір куәсі болды.

Жалпы, Күленов кентінде Бауыржан Момышұлы көшесінен басқа қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың да атына берілген көше бар, бірақ оның жағдайы да мәз емес. Газет редакциясына хабарласқан көше тұрғындары ондағы жағдайға да наразы. Автобус аялдамалары желге ұшып, қақаған қыстың қытымыр аязына тоңған халық бүрсеңдеп автобусты сағаттап күтуде. Қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батырлары есімінің дәріптелу деңгейі осы болар деп қаласың. Соның бірі, жерлесіміз Төлеген Тоқтаров сынды Батырымызға да дені дұрыс көше бұйырмаған. Қаланың әр жерінен бір бас қылтитатын үзік көшені табудың өзі қиын.

Ал фашистердің ордасы Рейхстагтың кіреберісіне ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың атына көше тіптен бұйырмаған сыңайлы. Жеті сағаттық арпалыста жеті сарбазынан айырылып, жау ордасының қақпасына жеткен жаралы Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың ерлігін сол кездегі солақай саясат өз дегеніне салып, назардан тыс қалдырды. Қай қазақ болмасын Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан екенін білсе де, өзгелер сан жылдар бойы мұны танымай келді. Тіптен өзіміздің Шығыстан шыққан ұлты қазақ 14 Кеңес Одағы Батырларының бірқатарының есімдеріне облыс орталығының төрінен орын бұйырмаған.

Есімі елге танылған…

Қазақ ұлтына қатысы жоқ Сергей Киров, Григорий Орджоникидзе, Климент Ворошилов, Карл Маркс есімдерін дәріптеу дәуірінің әлі де аяқталмай тұрғанын сіз де, біз де байқап, іштей сеземіз. Өскемен қаласын қақ жаратын үлкен көшелерге ұлтымыздан шыққан Бауыржан Момышұлы, фашизмнің ордасы Рейхстагтың кіреберісіне алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, Орта Азия елдерінің ішіндегі бірегей батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, ұшқыштар Нүркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов сынды батырларының есімдері неге берілмеске? Бұл есімдердің аңызға айналған даңқы баяғыда-ақ қазақ елінен тысқары шығып кеткен. Енді тек ерліктерін өз елінде ғана емес, өзге ел тани білген бабалардың есімдерін мәңгілікке дәріптеу ғана қалды. Бұл өз кезегінде болашақ ұрпақтың бойындағы мақтаныш сезімін дамытып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түсері сөзсіз.

Көпшілік көше атауын өзгерту шығыны көп мәселе екенін алға тартады. Бірақ бүгінгі таңда бұл мәселе азаматтарға салмақ салмайтын үрдіс екенін айта кеткеніміз жөн болар. Мұны газетіміздің өткен сандарының бірінде анықтап жазған болатынбыз. Өзгерістерді сан-саққа жорып, жұртшылық арасында дүрбелең туғызатын әлдекімдер мәселенің байыбына жетпей байбалам салып, барлық мәселені қаржыға тіреп жатады. Бүгінде орталықтандырылған «мекен-жай тіркелімі» ақпараттық жүйесі арқылы елді-мекен, көшелердің жаңа атаулары сонда енгізілген кезде ол Халыққа қызмет көрсету орталығында автоматты түрде көрініп тұрады. Әр адамның қандайда бір анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына баратыны белгілі. Бұрынғыдай азаматтарды тіркеу кітабы мен басқа да бір бума қағазды қолтықтап жүретін заман емес. Барлығы автоматтандырылған. Кеше Орджоникидзе көшесінде тұрсаңыз, бүгін анықтамаңызда Момышұлы көшесі деп жазылып тұрады. Үйдің сыртына ілінетін мекенжай тақтайшаларын дайындау да жергілікті бюджеттің мойнында.

***

Бабаларымыздың есімін мәңгілік қастерлеуде тұрған ағаттық жоқ. Бүгінгі ұрпақ өткенімізді тарихқа алтын әріппен жаза білсе, кейінгі ұрпақ оны ардақтайтын болады. Ұлтымыздан шыққан ұлыларды өз жерімізде дәріптеу біздің міндетіміз. Отан үшін от кешкен Батырлардың есімдерін облыс орталығындағы идеологиялық жағынан ескірген көшелерге (жаңағы айтқан Ворошилов, Киров, Карл Маркс, Микоян көшелері) берсе бір игі істің басын қайырғандай болар едік…

Азамат ТЕМІРБЕКОВ