Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен драма театрындағы келеңсіз оқиға қалай болды?

577
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден

Күні кеше Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының террасасында келеңсіз оқиға болды. Театр актрисасы Мақпал Елтайқызы қойылым барысында билеп жүріп балконның жақтауына сүйенген мезетте құлап түскен. Оның айтуынша, биіктігі бір метрге жетер-жетпес реквизит сынып,  жерге баспен құлап, жарақат алған. Бұл туралы актриса өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оқырман арасында қызу талқыға түскен бұл істің мән-жайын анықтау үшін сайт тілшісі актриса мен театр басшылығынан пікір алып қайтты.

Реквизит сынып кеткен

Өткен сенбінің кешінде облыстық драма театрының терассасында кезекті бір қойылым сахналанып жатты. Актрисалардың бірі өз рөлін сомдап жүріп, балкон тектес реквизиттің жанына келіп шалқая билейді. Сол мезетте балконның жақтаушасы опырылып сынып, актриса жерге реквизитпен қоса құлайды. Террасада отырған көрермен  қойылымның дәл осы сәтін бейнежазбаға түсіріп, бейне әлеуметтік желіні шарлап кетті. «Терраса сахнасы қауіпсіздік ережесіне сай емес, соның салдарынан зардап шектім» дейді театр актрисасы.

Қойылым сәтінен скриншот

  • Декорация дұрыс бекітілмегендіктен оқыс оқиға болды. Ал декорацияның қауіпсіздік ережесіне сай болмауына себеп көп. Әуелі, театр террасасы талаптарға сай емес, жарық дұрыс қойылмаған, тіпті әртістер кіріп шығатын есік жоқ, қойылым барысында терезеден домалап сахнаға шығуға мәжбүрміз. Шығармашылық топ қанша шағымданғанымен басшылықтың бұйрығынан аса алмаймыз, билеттер сатылып кеткеннен кейін қойылым қоюдан басқа амал жоқ. Бұған дейін де актерлер терассада жағдай жасалуы керек деп ұсыныс білдірген, бірақ бұны басшылық елемеді. Тым құрығанда реквизиттерді жаңартып, әртістер қорықпай шыға алатындай берік етуге болар еді. Әртістер бұл жайында сөз қозғаса басшылықтың айтатын жауабы - ақша жоқ, - дейді Мақпал Елтайқызы.

Мақпал Елтай

«Кешірім сұрауға құлықсыз»

Актерлердің айтуынша, бұл театрда болған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін тағы бір актрисаның басына штанкет құлаған. Шығармашылық топ ең әуелі әртістердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етуде.

  • Қойылым «Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер» деп аталады. Мен де осы сахнада өнер көрсеттім және болған оқиғаға куәмін. Мақпал қойылым барысында балконның үстінде шалқайып билеуі керек болған. Бейнеде көргендеріңіздей, қолы тиер-тиместен декорация қосылып құлады. Әртістің міндеті көрерменге қызмет көрсету болғаннан кейін, ол кәсіби шеберлікпен орнынан атып тұрып ары қарай өз рөліп ойнап кетті. Әрі осы қойылымға Алматы қаласынан  кәсіби сыншы Анар Еркебай келген еді. Мақпал Елтай жерге құлағанына қарамастан театр үшін, әріптестерінің көңілі үшін қойылымды үзіп тастамауға тырысты. Бірақ сәлден кейін оны жедел жәрдем қызметі алып кетті. Әріптесімнің, жалпы шығармашылық құрамның ашуын келтіргені театр басшысының оқиғаны өз көзімен көре тұра, Мақпал Елтайқызынан кешірім сұрамауы, - дейді театр актрисасы Айым Бегмат.

Инспекция тексеріс жүзгізуде

Мәдениет ошағын басқарып отырған  Руслан Қайырсыновпен де жолығып, болған оқиғаға қатысты бірнеше сауал қойдық.

  • Бұл оқиға туралы әлі кесіп шешім шығара алмаймыз. Біз бірден еңбек инспекциясына хабар бердік. Қазір олар осы мәселе төңірегінде тексеріс жүзгізуде. Қорытындысы 10 тәулік көлемінде шығады. Соған сейкес кінәлі анықталып, тиісті шаралар қолданылады. Біздің тараптан алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметі шақырылды.  Мақпал Елтайқызы медициналық тексерістерден өткеннен кейін, жарақаттың ауырлығына қарай театр басшылығынан қалпына келуге міндетті түрде көмек көрсетіледі, - дейді театр директоры.

Руслан Қайырсынов

Сондай-ақ Руслан Қайырсынов театр террасасында қойылымдардың өтуі жайлы пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, мамыр, маусым айларында театрға келушілердің қарасы азаяды. Сондықтан екі жылдан бері терраса ашылып, қойылымдардың бірсыпырасы сол жерде сахналанады. Жаз айларында орын саны көп, келуші аз үлкен сахнада қойылым қою театр ұжымына да, көрерменге де тиімсіз деседі. «Бүгінде террасада сахналанатын қойылымдарға сұраныс көп, билеттер тез сатылып кетеді» деді ол.

Қорыта келгенде, актриса бүй дейді, ал басшылық сүй дейді. Бұл мәселеге қорытынды ойды шығаратын сізсіз, қадірлі оқырман. Әлі де әліптің артын бағып, еңбек инспекциясының тексеріс нәтижесін күтетін боламыз.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ