Өскеменде «Алтайдың асқақ жыршысы» атты танымдық-рухани кездесу өтті. «Ауыл» партиясы өкілдері мен Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұжымы тізе қосып ұйымдастырған шара «Мұзтаудың мұзбалағы» атанған қаламгердің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Астана бизнес» ЖШС ШҚО филиалы басқармасының орынбасары Ербол Күбентаевтың сөзінше, «Ауыл» партиясы атынан облыс көлемінде Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай көптеген шара қолға алынып жатыр. Оған «Катонқарағайды дамыту қоры» азаматтарының сүбелі үлес қосқандарын атап өтті.
– Мерейтой қарсаңында Катонқарағай ауданында ас беріліп, мұражай ашылып, қатым түсірді. Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына орай жерлестері ат шаптырып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізді. «Ауыл» партиясы болғандықтан елдімекендердің көркеюі тұрғысында бірқатар жоспарымыз бар. Тұрғындардың, әсіресе жастардың қалаға қарай көптеп ойысуы алаңдатарлық жайт. Ал Оралхан Бөкей шығармаларында ауылдарда қалыптасқан мәселелер қаз-қалпы суреттеледі. Осындай жазушыны еске алу арқылы, сол түйіткілдерді қамтуға мүмкіндік туады, – деді Ербол Құмашұлы.
Кездесуге Ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері де қатысты. Араларында қаламгердің шығармаларын оқып, романдарына дейін бойлаған жастар бар. Меймандарға жерлес жазушы туралы мағлұмат ұсынған Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей оқушылары Әсем Рыспаева мен Нұрдана Назарханова Оралхан Бөкейдің алғашқы шығармалары 1970 жылы «Қамшыгер» атты жинақ болып шыққанын атап өтті.
– Көп шығармалары шет тілдеріне аударылды. Атап айтсақ, ағылшын, жапон, француз, орыс және тағы басқасы. Оны замандастары жаңашыл жазушы деп бағалады. Қай әңгімесін алсақ та, Алтай өңірінің табиғатын шебер суреттеген, – деді олар.
Бұл аралықта Оралхан Бөкейдің «Алтын қорда» сақталған бейнежазбасы экраннан көрсетіліп, көпшілік қаламгердің сөз саптауына қанып, тұлғасына көз жүгіртті. Әрі қарай жазушы Әлібек Қаңтарбай естеліктерімен бөлісіп, қатысушыларға тың мәліметтерін ұсынды.
– Катонқарағайдың қасқыр қаптаған қуысынан Оралхандай мықты жазушы шығады деп ешкім ойламады. Онымен бір мектепте оқыдық. Отбасында бес қыз болды, ұлдан жалғыз. Оқушы күнінен мінезі қиқар. Оны Оралхан еткен де сол қиқарлығы шығар, бәлкім. Биыл оның мерейтойы қарсаңында аз шара өткізілген жоқ. Ал финалдық кезеңі жуықта Алматыда ұйымдастырылып, үш күнге жалғасты, – деді жерлес қаламгер.
Әлібек Қаңтарбаев өз сөзінде түрлі танымдық шаралар өткізген қалалық кітапхана ұжымына алғысын жеткізді. Ұжым қызметкерлері болса, кездесу соңына қарай «Бөкей КЗ» электрондық кітапханасының жұмысына тоқталды. Ол жерде «Мұзтаудың мұзбалағы» туралы жан-жақты ақпарат бар. Шет тілдеріне аударылған шығармалары да өз оқырманын күтіп тұр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ