Әлібек Қаңтарбай: Жүрсіннің поэзиясынан күнделікті өмірде көріп жүрген пәлсапаны табамын

1038
көрілім

Өскемендегі О.Бөкей атындағы кітапханада өтіп жатқан ақын Жүрсін Ерманмен кездесу кезінде оның ақындық қырымен бірге ұлтына деген жанашырлығы да сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белгілі жазушы Әлібек Қаңтарбай кітапханада ұйымдастырылған келелі кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің поэзиясындағы ерекшеліктерге тоқталды.

– Көп адам Жүрсінді ақын ретінде, айтыс арқылы таниды. Яғни, айтыстың эмблемасына айналған жан. Біз алғаш білгенде ол ақын болып танылған кісі. Қазақ поэзиясын өрге сүйремесе де, мықтыларының бел ортасында жүргендердің бірі. Оның поэзиясынан өзім күнделікті өмірде көріп жүрген қарапайым пәлсапаны табамын. Жүрсіннің лирикадағы мықтылығы сонда. Оның пәлсапасын оқысаңыз адамға ой салады. Тағы бір айтарлығы, ол Алаштың нағыз қайраткері. Неге десеңіздер, айтып өтейін. 1980-жылдардың екіншісі жартысында билікке Горбачев келіп, жариялылық деген дүниені әкелді. Бұл жағын аға буын өкілдері жақсырақ біледі. Социализм деп жан-жағымызға мойын бұрып қарағанымызда бөтен әлемде қалғандай болдық. Кешегі кеңестік идеология қазақтың бүкіл өнерін, құндылықтарын талан-таражға салып, қазақ тырдай жалаңаш қалды. Міне, осы кезде атқа мінгендердің бірі – Жүкең. Айтыс өнері қазақтың ұлттық құндылықтарының ең бірегейі. Соны алып шығып, өз биігіне қондыру әсте оңай болмады. Әлеуметтік желілерде айтыс туралы, Жүрсін Ерман туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер таралған. Әлеуметтік желі – қазақтың өсек-орталығына айналып кетті ғой. Барлығын содан естіп жатады. Жалпы, жазушы-ақындар сырттай қарағанда арқалы адамдар болып көрінеді. Шынтуайтында, көшеде жүріп алақан жаймады демесеңіздер, нағыз қайыршы солар. Осы ретте бүкіл қазақтың жоғын жоқтап, мықты-мықты ақындарды бір жерге топтастырған – осы Жүрсін. Қайраткер болмағанда кім?! – деді Әлібек Қаңтарбай.