Елімізде адвокаттық қызмет реттелетін болады

368
көрілім
Қазір «Адвокаттық қызмет және заңдық көмек» туралы қолданыстағы заңға бірнеше өзгеріс енгізілмекші екен. Заң жобасы қызу талқылануда. Бұл жоба еліміздегі адвокаттардың саны мен сапасын арттырады деп күтіледі. Сондай-ақ, орын алатын өзгерістер адвокаттық қызметті қолжетімді етпек. Алайда жаңа заңнамаға қарсылық білдірушілер де аз емес көрінеді.

Енгізілетін өзгерістерді атап айтатын болсақ, заңдық кеңес берушілер арнайы палатаға біріктірілетін болады. Тағы бір түйткілді мәселенің бірі – бұл алқалардың қаржылық қызметінің ашықтығы. Осы орайда адвокат қызметінің құнын белгілейтін арнайы кесте түзілмек. Және де адвокат пен жүгінуші арасындағы келісімшарт сақтандырылып, қызметі сапасыз болған адвокаттар мен кеңес берушілер жауапқа тартылады. Сонымен қатар, адвокат тапшылығын шешу үшін осы мамандыққа өтудің шарттары оңтайландырылады және де олар аттестациядан өтіп, біліктілігін арттырып тұрады.

Заң жобасының аясында адвокаттар алқасының төрағасын белгілі бір мерзімге ғана сайлаумен қатар адвокаттар алқасына қабылдану үшін төленетін жарнаны алып тастау ұсынылып отыр. Осы өзгеріс заңгерлік көмектің сапасын күшейтіп, қызметтің бағасын төмендетуге септігін тигізеді деп болжануда.

Облыстық Әділет басқармасының басшысы Ерлан Дауылбаевтың ұсынған статистикасы бойынша жалпы біздің облыста 433 адвокат бар екен. Әр адвокатқа шамамен үш мыңнан астам адамнан келеді. Бұл кәсіби қорғаушылар мен заңгерлердің тапшылығын білдіреді.