ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр "Ауыл - Ел бесігі" жобасының іске асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Роман Склярдің хабарлауынша, қазіргі уақытта 6 443 ауылда 7,7 миллион адам тұрады (ел халқының 42 пайызы).
"Бүгінгі күні ауылдық жерлерде бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Ауылдың жартысынан астамында көшелерді жөндеу қажет. Инженерлік желілер тозуының жоғары деңгейі байқалады. Көптеген ауылдарда, білім беру және денсаулық сақтау объектілері жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты ауылды дамыту үшін кешенді тәсіл қолдануды ұсынамыз", - деді Роман Скляр.
Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен "Ауыл - Ел бесігі" жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, "Бизнестің жол картасы-2020", "Еңбек" және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта даму әлеуеті бар 3 477 ауыл іріктеп алынды, оның ішінде - 1 150 тіректі және 200 шекара маңындағы ауылдар енгізілген 2 327 спутниктік ауылдар. Аталған ауылдарда 6,6 миллион адам немесе ауыл халқының 85 пайызы тұрады, оларды дамыту басымды түрде болады.
Халық саны өсуінің, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құнның, халықтың жұмыспен қамтылуының жыл сайынғы өсу динамикасы бар осындай ауылдар ірі елді мекендерге жақын орналасқан.
"Бұл ауылдардағы мәселелерді кешенді шешу үшін айтарлықтай қаражат қажет. Алдын ала есептеулер бойынша 900 миллиард теңге қажет, бұл ретте республикалық бюджеттен 70 пайыз немесе 630 миллиард теңге, ал қалған 30 пайыз немесе 270 миллиард теңге - жергілікті бюджеттен бөлу ұсынылады. Аталған қаражаттарды 2027 жылға дейін бөлу ұсынылады", - деді Скляр.