2019 жылдың қаңтар-мамырында елімізде 114 709 млн теңгеге 16 921 көлік шығарылды. Бұл туралы Қазақстандық автобизнес қауымдастығынан мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған кезеңде 15 773 жеңіл көлік, 495 жүк көлігі, 404 автобус, 270 тіркеме, 19 өзге де мамандандырылған техника құрастырылды. Ал 2018 жылдың алғашқы бес айында елімізде 71 520 млн теңгеге 11 848 көлік құралы шығарылған болатын. Жыл басынан бері қазақстандықтар 14,3 мың отандық көлікті сатып алды.
«Биылғы жылдың 5 айының ішінде Қазақстанда құрастырылған автомобильдердің сатылымы 41 пайызға артты. Бұған қоса, бүкіл нарық тек 19 пайызға ұлғайды. «Made in Kazakhstan» автомобильдерінің нарықтағы күлесі 60 пайызға жақындап қалды. Биылғы жылғы үлес өсімінің негізгі қозғаушысы Ұлттық банктің жеңілдетілген автонесиелеуге қаржыландыруды арттыру шешімі және Қазақстанда құрастырылған Hyundai автомобиліне сұраныстың артуы болды», - деді ҚАБҚ вице-президенті Анар Мақашева.
Осымен екінші ай қатарынан «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» көлік құрастыруда көш бастап келеді. Аталған кәсіпорын мамыр айында 2174 жеңіл көлік, жүк көлігі және автобус құрастырды. Ал «Азия Авто» кәсіпорны 1 570 көлік шығарды. «КАМАЗ Инжиниринг» 120 жүк көлігін нарыққа жөнелтті. «СемАЗ» 96 коммерциялық техника, Hyundai Trans Auto 23 жеңіл көлік, Daewoo Bus 13 автобус құрастырды.