Далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар, онымен
аң аулайды, саятшылық жасап, бой сергітеді…
Марко Поло
Әйгілі жиһанкез XIII ғасырда Құбылай ханның ордасына келгенде осылай деген екен. Отырықшы халық солайша құсбегілік өнердің сипаттамасын хаттан оқып жатқанда, көшпенді жұртта қыранға байланысты қағазға түспеген, бірақ қатаң орындалатын шарттар қалыптасқан. Ықылым заманнан-ақ саятшылық кәсіп болып, кейіннен бекзат аңшылықтың бейнесі ретінде енді. Алайда аспан перісін ұдайы аң-құсқа салып, бүршік табанын түлкі менен түз тағысы, тау еркесі мен тұяқтыларды аулауға пайдалана беру әсте қатігез шешім. Бағзы заманнан қанаттылар ханы деп бекерден бекер айтылмай келген түз құсы ел Тәуелсіздігі жаһан көлемінде мойындала бастағанда байрағымыздың төрінен табылды. Дегенмен жандүниесі көкте самғауға жаралған қайқы қанат құстың мәртебесіне жіті мән берілмей келе жатқаны жасырын емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жер бетінен жойыла бастады
Бүркіт деген де жалпылама атау. Астында жал-құйрығы төгілген жарау аты бар жігіттер адырнадан атылған жебедей аршындай жүгірген тазысымен бірге осы бір құласұр құсын да аңшылықтан қалдырған емес. Бірі құласұр, көксұр, жирен ақиық, шұбар немесе қоңырала деп түске бөліп жатады. Иә шынымен де дала сермендесінің көрсе көз тартар әдемілігі өз алдына. Ал маңызды мәселе – бүркіт мәртебесінің төмендеп, жер бетінен жойыла бастауы. Бұған назар аударып, санын сақтап қалуда сан түрлі амалдарға барып жатқан қоғам жанашырлары аз емес. Қалталы атқамінерлер де бас қатырып, түн ұйқысын төрт бөліп қайғы баптап жүр десек артық айтқан болармыз. Қайта соңғы үлгідегі қару-жарақты сатып алып, аңшылықтың жөні осы екен деп есіріп кеткендері қаншама?! Иә, тиісті мекемелерге әлдеқашан қатаң шара қолдану қажеттілігі туындаған. Алайда іске келгенде көпшілігі дерлік дәрменсіз сияқты. Мекеме дегенде алдымен облыс шеңберін қамтып, кейін ой құсына шартарапты шарлатып көруге болатын. Облыстағы белгілі орнитолог Борис Щербаковтың айтуынша, бүркітке туысқандық жағынан сұңқар мен қаршыға жақын келеді. Әлбетте, тау тағысының жанында олардың тұрпаттары анағұрлым шағын, әлеует жағынан біршама есе жібереді. Дей тұрғанмен екеуі де әуеден құлдилап келіп жемтігін іліп әкетудің хас шеберлері. Ал ең жақыны дала қыраны мен қарақұс. Барлығының басын қосып, бір мақсат төңірегінде топтастыратын жайт – олардың жыртқыштығы, яғни етқоректілігі. Соның ішінде сұңқарлар жемтігін тырнағымен бүріп алып, мұзға қарай тастай салу арқылы қорегіне иемденеді. Субүркіт те айтарлықтай азайған. Бірен-саранын Ертіс бойындағы Өскемен қаласы мен Зайсан ауданынан жолықтыруға болады. Бітімі ірі құс көп жағдайда балықпен қоректенеді. Тырнақтары да кірген жеріне кенеше жабысып, ажырауы екіталай. Бүркіттің нақты қашан қолға үйретілгені жайлы деректер тым сирек кездеседі, десе де кербез құстың жемтігінің өзін ауладағы шеберлігі таңдай қақтырмай қоймайды. Әуеде қалықтаған қалпынан түз құсының бойындағы маңғаздық пен асқақ рухты аңғаруға болады.
«Жануарларға жасалған геноцид»
Соңғы уақыттары қарасы тым сирей түскен күшіген де біршама ептілікке ие. Негізгі мекені Африка мен Еуропаның оңтүстік-батысы болса, аздаған бөлігі Азияның оңтүстік-шығысында. Қазақстанда да белгілі бір уақыт аралығында санағы жүргізіліп, жойылып кетпеуінің алдын алу үшін барынша мүмкіндіктер қарастырылуда. Күшігеннің ерекшелігі сол, ақпан айында ұя салып, балапанын басып шығарған соң көшкін салдарынан қар астында қалған тұяқтылардың өлекселерін талғажау етеді. Қорек көлемінің жеткілікті болуынан балапандары да тез қанаттанады. Борис Васильевич осы кезде бүркітке туыстығы бар сұңқардың жылдамдығына бір сәт тоқталып кетуді жөн көрді.
– Кейбір әдебиеттерде бір секундта 100 метрге дейін жылдамдық ала алатындығы жазылған. Бұл қорегінен көз жазбау кезінде қанатымен заулап келе жатып, ысылдаған дауыс шыққанда анық байқалады. Мұны мысықша әдіс деп те атайды. Яғни жыртқыш құс ағаш басында көрінбей тұрып, тұтқиылдан дыбыссыз келіп шабуылдаған сәт, – дейді ғалым-орнитолог.
«Браконьерлерге бөгеу қиын»
Жемтік аулау тәсіліне келсек, сұңқар мен бүркіт әдетте төбеден тік құлдилап келіп іске кіріссе, кейбір жыртқыштар біртіндеп барып төмендейді. Мұндайда жылдамдық та өзгере түседі. Жалпы алғанда 20 жылдан кем өмір сүрмейді. Сайып келгенде аң-құс тіршілігінен айтарлықтай хабардар маман мақсатты түрде бейкүнә жануардың өмірін жалмау жауыздыққа пара-пара екендігін жеткізді. Аң аулау дегенде көздері қанталап алатындардың әрекеттерінен табиғатта тіршілік атаулы да біршама саябырсып қалған. Сәті түссе түз тағысына да тырнағын батыратын бүркіт атаулы қазір Шығыс топырағында мүлде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Құзғындар да құрып кетуге шақ қалған.
– Мұндайды жануарларға жасалған геноцид деп қабылдауға болады. Бір жылдары еліміздегі киіктердің ұзын-ырғасы екі миллионға жуықтаған-тұғын, қазір олардың саны 80 мыңға да жетпейді. Браконьерлердің жолын ешкім бөгей алмайтын сияқты, – дейді Борис Васильевич көпшілік санасын ақша жаулап алғандығына налып.
Сонау көшпенділер заманынан бері есімі көпшілікке мәшһүр саяхатшылар қолжазбаларында түрліше сипаттаған бүркіт жайында орнитологтың айтары сағаттап, тәуліктеп болса да сарқылмайтын сияқты. Дәстүрлі, заманауй әндер, теңеулер, аңыз-әңгімелер, ұлттық құндылық, атадан қалған мирас, көкке қарай самғау, сосын әлбетте, желбіреген көк байрағымыздағы қалықтап тұрған келбеті қыран құстың асқақ тектілігін әспеттеп тұрғаны хақ. Мұның барлығы құс патшасының айрықша қарқынын байқатып тұрғанымен, қазақ халқының рәмізінде бейнеленген құлашты қанатты құстың Алаш топырағында жойылып бара жатқандығы көпшілік көңілінде қамқорлық сезімін осы бастан оятуы тиіс. Әйтпегенде «… қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» кері болатындай.
Еңсесі түскен текті құс
Кеңестер одағының шаңырағы шайқалып, әр мемлекет тәуелсіздігін ала бастағанда біртіндеп Қазақстанда бүркітшілер пайда бола бастады. Шынтуайтында, олардың өздеріне талғажау етер талшық табу мұң болғанда, айрықша күтімді қажет ететін текті құсты асырау беліне байлаған шоқпардай болатын. Себебі бүркітке күн сайын бір жарым-екі келі ет қажет. Онымен қоса оны аңшылыққа салу – сөзсіз, немкетті жасалған қадамдардың бірі болды.
– Жол түсіп Бурабайға атбасын тіредім. Сол жаққа қос бірдей бүркітші де келді. «Қарнымның ашқаны емес, қадырымның қашқанына налимын» дегендей, иір тұмсығы төмен салбырап, еңсесі еңкейіп кеткен «аспан перісін» көргенде көңілім жабырқап, өнебойым шымырлап кетті, – дейді Борис Васильевич. – «Қараңызшы, құсым қандай әдемі!» деп кеудесін кере бүркітін нұсқағанда қанаты сиреп, қайқы құйрығы бір тұтам болған түйірсан қыранның келбеті көңіл көншітпеген еді. Шыны керек, таңдану емес, кербез құсқа деген аяушылық басым болды.
Осыған тоқтала келе мемлекеттің символына айналған қанаттының бұлай құрдымға кетуін республика көлемінде соңына дейін нақтыланбаған заң деп қабылдады. Атамекені ғана емес, күллі Орта Азияның тұмары іспетті болған қиық жүнді құс алдында жаһанның талай елдері бас иетіндігін де сенімді жеткізді. Айталық, Финляндияда бүркіт ұя салғанда келушілер мен өткен-кеткендерге сырт айналып жүрулерін қадағалап, суретке түсіруге мүмкіндік бермейтін көрінеді. Бастысы, тезірек қанаттанып, тосынсыйға толы өмірге тезірек бейімделіп кетулеріне қоғам болып тілекші болады.
Соңғы санақ сөйлейді
Қарт орнитолог соңғы уақыттары Шығыс Қазақстан бойынша ары кеткенде тау тағысының үш-төрт ұясын ғана кезіктіргенін айтты. Апыр-ай, мемлекеттік Туымыздағы маңғаз құстың осыншалық азайып кеткені ме?! Табиғат зерттеушілері осыдан бірнеше жыл бұрын Зайсан шұңқыры маңында желдің өтінде қонақтаған жеті-сегіз жыртқыш құсты байқаған екен. Борис Щербаков мұның себебін көлге шомылған құстардың салқындап, бой сергітіп отыруларымен байланыстырды. Ал өзі жыртқыш құс дегенде, сұңқар, құзғындардың тек бірлі-жарымы көзге шалынғандығын алға тартты. Тағы бір жайт, осыдан 20 жыл бұрынғы санақта Зайсан шұңқыры төңірегінен үш-төрт бүркіттің болғаны расталды. Сол себепті облыс бойынша нақты санын білу мүмкін емес. Мүлде көзге шалынбады дегеннің өзінде біреу-міреуден «ана жолы ағаш басында қонақтаған алып бүркітті көрдім» деген алып-қашпа әңгімелер естіліп жатады. Бәлкім қазақ қарақұс деп жалпылай айтатын көлемі ірі жатаған қанаттылардың бірі болар…
Ресми деректер де көрпені жан-жаққа тартады. Ғалым-орнитологтың өзі бүркіттің салмағы жеті-сегіз келіге дейін жетіп, бабы мен бағы келіссе ірі тұяқтылардың өзін шүйіліп келіп ілсе, қанатын жайғанда екі жарым-үш метрге дейін жететінін нық сеніммен айтады.
***
Оқтаулы тұрған мылтықпен көзкөрім жердегі тұрпатты құсты атып түсіру қиын емес шығар, сірә. Алайда балапандары қанаттанғанға дейін небір қауіппен бетпе-бет келетін қыранның қайдағы бір шүріппенің басылуынан қорлықпен өліп жатқаны жанды жабырқатпай қоймайды. Тау тағысына атылған әрбір оқ – Көк байрақтың құдыретінен айырылып, небір нәубет көрген қазақ халқы рухының төмендей түсуіне түрткі болмаса игі. Мекеніне қарай бірнеше атауы бар. Шығыста мұзбалақ дейді екен. Ендеше Алтайдың мұзбалағы аман болсын, әмәнда!
Әділхан ЕСІМХАНОВ