Елімізде есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

403
көрілім
Фото Еgemen.kz сайтынан

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында есірткіге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған құжат бірінші оқылымда қаралды. Осы заң жобасы аясында есірткі өндіретіндерді және есірткі зертханаларын құрғандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.

«Біз осы заң жобасына қолдау білдірдік, себебі қазіргі жағдай жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Енді жазаны саралау ұсынылып отыр. Елімізде қазір есірткіні жасыратындар есірткі өндірушімен бірдей жаза алады. Бұл заң талаптарын күшейтсек, бізде сараланған жаза енгізіліп, есірткі өндіретіндер 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін. Яғни есірткі жасыратындарға қатысты бұрынғы жауапкершілік сақталады, ал зертхана құрғандарға жаза күшейтілмек. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді бұл ұсыныстар талқыланады», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, елімізде жалпы 36 мың адам түрмеде отыр. Соның 4 мыңнан астамы есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеп жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.