Елімізде қай салада жемқорлық фактілері жиі тіркеледі?

255
көрілім

Бұл сұраққа ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестікпен тізе қосып, тамыз айының 15-нен бастап республика бойынша «Әділдік талап ет!» акциясы басталғандығын мәлімдеді. Бұған еліміздің әр түкпіріндегі адамдар қатыса алады. Шараның мақсаты – барынша тұрғындар арасында сыбайластықтан алшақ болу, жемқорлыққа төзбеушілікті әр азаматтың бойына қалыптастыру. Оның бірінші кезеңінде автомобиль жолдарын жөндеу кезіндегі бұзушылықтар қаралады.
– Өкінішке қарай, биыл дәл осы жол жөндеу кезінде тәртіп бұзушылықтар жиі байқалып, сыбайластықтар фактілері тіркелді. Мәселен, былтыр жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 18 сотқа дейінгі тергеу амалдары жасалса, биыл тек жартыжылдықтың өзінде жемқорлық төңірегінде 15 қылмыс тіркелді. Соның көпшілігі қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып жымқыру, пара берумен байланысты. Сыбайластық тәуекелдерін анықтап, алдын алу мақсатында автомобиль жолдарын салу саласына Агенттік тарапынан ішкі сараптама жүргізілді. Соның ішінде жөндеу жұмысы мерзімінен кешіктірілсе де, техникалық байқаудың нашарлығы, құрылыс материалдарының сапасын тексеру үшін зертхананың болмауы және тағы басқа себептер – айналып келгенде сапасыздыққа, заң бұзушылыққа алып келген, – деді Талғат Мамырбекұлы.
Жұмыстағы көз қыстылық әрекеттерінің салдарынан мемлекет қазынасына 20 млрд теңге шығын келтірген екі шетелдік компания анықталған. Автомобиль жолдарын салу кезінде жаңа технология мен құрылыс материалдарын қолданбау да осы саланың басты қиындықтарының бірі. Оған қоса, 36 нормативтік-техникалық құжат кеңес одағы тұсында қабылданған көрінеді.
– Тағы 46 құжат 1995-2005 жылдары аралығында пайдаланылған. Сайып келгенде, ескірген құжаттар жаңадан пайда болған технологиямен сәйкеспейді. Нәтижесінде, сметалық баға қымбаттап, құрылыс материалдарын сатып алу кезінде қиындықтар туындайды, – деді Талғат Мамырбекұлы.