Елімізде кәсіпкерлердің арыз-шағымы бойынша Шығыс Қазақстан көш басында

585
көрілім

Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл Рустам Жүрсінов бүгін өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқыға салды.

Д.Серікбаев атындағы ШҚУ ғимаратында өткен жиынға жергілікті кәсіп иелерінен бөлек, облыстық Кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Талқыға салынған басты тақырып – кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуын болдырмау, оларға өз істерін ілгерілетуге барынша жағдайдың жасалуы.

– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлермен кездесіп, оларды толғандырған өзекті мәселелерді тыңдап келеміз. Жалпы бізге жыл сайын бизнес өкілдерінен түрлі арыз-шағымдар түсіп жатады. Оның ішінде статистика көрсеткендей, осы Шығыс Қазақстанның кәсіпкерлері ең жиі шағымданады. Мәселен, соңғы жылы 400-ге жуық арыз түскен. Оның 86 пайызы бойынша оңды шешімнің табылуына ықпал етілді, – деді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар жыл сайын күрделеніп, қиындап барады. Ал кәсіп иелеріне бұл талаптарға ілесіп отыруы оңай емес. Сондықтан әр тексерудің дұрыстығын айқындау үшін 7 сүзгі енгізіліп отыр. Егер қандай да бір тексеру осы сүзгінің біріне сәйкес келмесе, онда жүргізілмейтін болады.

Шараға қатысқан бизнес өкілдері шақшадай бастарын шарадай еткен саналуан мәселелерін сөз етті. Құрылыс саласында тер төгіп жүргендерінің бірі құрылыс жұмыстарына қатысты талаптардың тым жиі өзгеретіндігін сынады.

– Біз бір нысанның құрылысын бастаған кезде заңға қараймыз. Онда жазылған міндеттемелерге сәйкес құрылыс жұмыстарын қолға аламыз. Ал нысанды салып біткенде заң мүлде өзгеріп кетеді де, нысанымыз талапқа сай болмай шығады. Жаңа талапқа қайта икемделу едәуір шығынды қажет етеді. Сол үшін құрылысты бастаған кезде қандай талаптар болды, аяқтаған кезде сол бойынша тапсырылуы қажет, – деді ол.

Бұл мәселеден хабардар екендігін айтқан Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл оның шешімін табу Үкімет деңгейінде қарастырылып жатқандығын жеткізді.

– Рас. Басқа өңірлерде де осы жайлы айтатындар кездеседі. Заңның қайта-қайта өзгеруі кәсіпкерлерге қиындық тудырады. Сондықтан осы мәселенің оң шешім табуын бақылауда ұстайтын боламыз, – деді Рустам Жүрсінов.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ