Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өте бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына қосылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, өзінің ресми сайтындағы клиникаға дейінгі сынауды бастауға рұқсат етілген COVID-19 қарсы вакцина жасаушы үміткерлер тізіліміне қосты.
Инактивтендірілген вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген. Ол Қазақстан аумағында науқастанған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін құттықтады.
– Бұл қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өзінің жетекші рөлін тағы бір мәрте көрсетті, – делінген жеделхатта.
Енді институт ғалымдары клиникаға дейінгі және клиникалық сынақ жүргізуі керек. Естеріңізге сала кетсек, бұл институт қазірдің өзінде қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйесін және 30-дан астам биопрепаратты әзірлеп, өндіріске енгізді. Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауына, жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар.