Елімізде қылмыстық топ және ірі есірткі арнасын жою бойынша арнайы операция өткізілді

713
көрілім
Шартты фотосурет

Аталған шара еліміздің қос өңірінде бір мезетте жүргізілген. Полиция қызметкерлері еліміздің шығысында және Алматы облысында әрекет еткен ірі есірткі желісін жоя отырып, кең ауқымды арнайы операцияны сәтті орындады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ШҚО бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп жеті адамнан тұратын қылмыстық топты әшкереледі. Белгілі болғандай, олардың үшеуі еліміздің оңтүстік өңірінің аумағында тұрған.

Бірлескен арнайы операция нәтижесінде бір айдан аз уақыт ішінде есірткі құрылымының барлық қатысушылары әшкерленді. Олардың барлығы басқа қалалардан келген, қылмыскерлер қауіпсіздік шараларын мұқият сақтап, жалдамалы пәтерлерді үнемі ауыстырып отырған.

Алматы облысында жүріп, қылмыстық топтың барлық іс-әрекеттерін басқарып отырған осы есірткі желісінің жетекшісі де анықталды.

ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес есірткі саудасымен айналысатын әр қатысушының өз рөлі болған. Белгілі бір топ есірткіні жеткізуді жауапкершілігіне алса, енді біреулері оны дозасы бойынша өлшеп, кейіннен қала бойынша арнайы орындарға қойып кетіп отырған. Тінту барысында шамамен 10 келі сатуға дайын синтетикалық есірткі тәркіленіп, оның шамамен 100 000 реттік дозаға тең екендігі анықталды.

- Есірткі тасмалдаушыларға тауар көлік-логистикалық компаниялар арқылы жасырын қосалқы бөлшектер түрінде жөнелтілген. Есірткісі жасырылған барлық автобөлшектерді қызметтік-іздестіру иттері таба алмайды деген үмітпен, лак-бояу материалдарымен мұқият бояған, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Есірткіні алғаннан кейін, есірткі қоятын адамды ешкім көрмеу үшін оны арнайы орындарға қою түнгі уақытта ғана жүзеге асырылған.

Сәуір айының басында ауқымды ұстау басталып, бір апта ішінде қала аумағында әрекет еткен барлық есірткі тасымалдаушылар қамауға алынды. Өз үйлерін жалға берген пәтер иелері жалдаушылардың пәтерді есірткіні өлшеп-дайындау цехына айналдырғандарын көріп, жағаларын ұстаған.

Әрі қарай, кезек есірткі желісі жетекшілерінеде келіп жетті.

Алматы облысы Талғар ауданы Қызылқайрат ауылындағы жалдамалы үйде синтетикалық есірткіні дайындап, өлшеп-орайтын есірткі зертханасын ұйымдастыруға тұтастай бір отбасының қатыстылығы белгілі болды.
Олардың психотроптық заттарды жартылай дайын күйіде қойып кету жолымен алып, оны тұтынуға дайын күйге дейін жеткізіп отырғаны анықталды.

- Тергеу барысында күдіктілер «Telegram» мессенджері арқылы есірткіні байланыссыз таратумен айналысқаны, ал әлеуетті клиенттерден төлемді электрондық төлем жүйелерінің көмегімен қабылдаған. Ауқымды арнайы операция нәтижесінде 21-49 жас аралығындағы 7 адам қамауға алынып, тәркіленген заттардың «қара базардағы» құны шамамен 167 млн. теңгеге бағаланады, - делінген мәліметте.

Күдіктілердің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша сараланды. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылулары мүмкін.