Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов елімізде қыздар мен ұлдарға жиі қойылатын есімдерді атады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Бала туу көрсеткіші Маңғыстау облысында ең жоғары. Бұл өңірде мың тұрғынға шаққанда 31 адамнан келеді. Ал туу көрсеткішінің ең төмен деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында байқалады. Облыста мың тұрғынға шаққанда 14 адам, – деді бірінші вице-министр.
Оның дерегінше, 2016 жылы 400 мың сәби дүниеге келсе, оның 207 мыңы ұл, 193 мыңы қыз бала.
– Ер балалар жиі өмірге келеді. 2017 жылдың сәуірі мен өткен айда 29 мың сәби дүниеге келді. Оның 15 мың ұл, 14 мыңға жуығы қыз бала. 2017 жылдың сәуірінде қыздар арасындағы ең танымал есімдер қатарында Айзере деген ат болды. Бұл есім 437 қызға берілген. Одан кейін Айару 398 балаға берілді. Райана есімі де танымал болып келеді. Әншінің құрметіне орай беріліп жатқан шығар. Бұл есімді 319 қыз иеленді. Ұлдар арасында 279 балаға Әлихан, 260 балаға Айсұлтан және 217 балаға Нұрислам есімдері берілген, – деді Дәленов.