Қазақстандықтар мекенжай бойынша тұрақты тіркеуге тұру үшін ХҚКО-ның онлайн баламасы – egov.kz таңдай бастады. Былтырғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, ХҚКО арқылы 1,5 млн адам, онлайн түрде 479 мың адам тіркеу рәсімін жүзеге асырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақтық бөліністе қарайтын болсақ, мекенжай бойынша тіркеуге онлайн тұрушылар үлесі Нұр-Сұлтан қаласында ең жоғары – 91 мың адам, одан кейін Қарағанды (39 мың) мен Павлодар (23 мың) облыстары. Бұл ретте, ең төменгі көрсеткіш Атырау облысына тиесілі (6 мың адам).
– Электронды жаңашылдықтарды құп көретін азаматтар санының өскені қуантады. Онлайн түрде тіркеуге тұру – уақытты үнемдеп қана қоймай, прописка сататын делдалдардың жұмысына да тосқауыл болады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Биылғы жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша онлайн түрде мекенжай тіркеуіне тұрушылар саны біршама өскен. Бұл қызметті алу үшін 184 мың адам ХҚКО-ға жүгінсе, 63 мың азамат ешқайда бармай-ақ онлайн түрде жүзеге асырған.
Бүгінде мекенжай тіркеуін жасату үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болуы тиіс. Азамат egov.kz-ке тіркелетін мекенжай мен жеке мәліметтерін жазса, баспана иесі оған рұқсатты жеке кабинетіне келген сұрауды мақұлдау арқылы береді.