Елімізде сыра мен шарап жарнамасына рұқсат берілуі мүмкін

471
көрілім

Қазақстанда сыра мен шарап жарнамасына рұқсат берілуі мүмкін. Бұндай ұсыныс Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қоғамдық кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Елімізде бұқаралық ақпарат құралдарында сыра мен шарап жарнамалауға тыйым салынған еді. Енді ол алып тасталмақ. Бұл жөнінде БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бақнияз Қарашина айтты. Оның мәліметінше, алкоголь сусындарының жарнамасы отандық бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Жиында Бақнияз Қарашина «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады.

«БАҚ туралы» заңға өзгеріс - Қазақстан аумағында өндірілген сыра мен шарап атауы немесе тауар белгісін жарнамалауға рұқсат берілмек. Бұл ережені ұсынбас бұрын біз халықаралық тәжірибе мен қазіргі медиасаланың жағдайын зерттегенімізді атап өткім келеді. Мәселен, Ресей, алыс және жақын шетелде сыра мен шарап жарнамаланып жатады. Ал біздің отандық бұқаралық ақпарат құралдарымыз бұндай қосымша табыс көзінен қағылып отыр. Біз бұл мәселені жан-жақты зерттеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зиян тигізбеу жағын да қарастырдық», - дейді Бақнияз Қарашина.

«Жарнама туралы» заңға енгізілетін өзгерістер аясында алкоголь сусындарының жарнамасына бірқатар шектеу мен талап қойылады. Мысалы, баспасөз беттеріндегі жарнамаға келсек, олар газеттер мен журналдардың алғашқы және соңғы жолақтарында орналаспауы тиіс. Ал телеарналарда бұндай жарнамаға жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 22.00-нан таңғы сағат 6.00-ға дейін рұқсат берілмек.

«Біз бұл тұста балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңды ескеріп отырмыз. Заңға сәйкес, балалар осындай уақытта теледидар алдында болмауы тиіс. Сәйкесінше, бұндай жарнама көрсетілімі оларға зиян келтірмейді. Жарнаманы трансляциялау кезінде алкоголь сусындарының зияны туралы міндетті түрде ескертіледі және одан кейін салауатты өмір салтын қалыптастыру жайлы әлеуметтік ролик көрсетіледі», - деп түйіндеді департамент басшысы