Елімізде теміржол саласында соңғы бес жылда 136 қылмыстық іс тіркелген

1257
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Өскемендегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аумағында теміржол саласындағы жемқорлық тәуекелдері жайлы айтылды. Жауапты тұлғалар теміржол саласындағы жүйесіздік реттелмесе, көпшілік амалсыздан  автокөліктер арқылы тауар тасымалдайтындықтарына алаңдаулы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тағы да сынның астында қалды. Жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша өткен жиында осы жағы жан-жақты талқыға түсті. ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаевтің сөзінше, тамыз айынан бастап сыбайластықты анықтау қолға алынған. Себебі, жүк тасымалдау республика бойынша әр күні жүзеге асатындықтан бармақ бастылық әрекеттері тіркеліп жатады. Жергілікті заңнамаға қайшы келетін фактілер құрылымдық өзгерістерді қажет етеді деді. Жауапты тұлғалардың жұмыс барысында жеңіл нәрсені күрделендіріп, қағазбастылық әрекеттерін көбейтіп, ақылға қонымсыз артық қимылдардың азаймай тұрғаны сөз етілді.
– Тауарды шетке шығарушылар түрлі кедергілерге ұшырайды. Ал жемқорлық тәуекелдері жеткіліксіз деңгейдегі цифрландыру, теміржолшылардың кәсіпкерлермен тікелей қарым-қатынасы, өтінімдерді қағаз жүзінде рәсімдеу – мұның барлығы уақытты алып, бұзушылықтарға әкеледі. Сыбайластық фактілері қылмыстық статистика негізінде расталып отыр. Соңғы бес жылда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жауапты тұлғалары мен оларға бағынысты ұйымдарға қатысты 136 қылмыстық іс тіркелді. Осы бойынша 52 адам сотталды. Олар пара беру мен жымқыру қылмысы бойынша істі болған. Заңсыз сыйақы алу да бар, – деді Архат Абжатұлы.


Басқарма басшысы кім пара берсе, жүкті де сол бірінші болып жөнелтетінін айтты. Бұл ретте жуырда Қостанай облысындағы жағдай мысал етілді.
– Жауапты тұлғалардың мүддесін жақтаған кәсіпкерлер тәулік көлемінде өз тауарын уақыттылы алып отырды. Басқалары бір аптаға жуық мерзім күтуге мәжбүр болған. Осындай заңсыздықтан соң жауапты тұлға алты жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Архат Бейсембаев. – Вагондарды дер кезінде берудің маңызы зор, себебі, тауардың өзіндік бағасына әсер етеді.
«Астана Бизнес» холдингі өкілдері де мұндай мәселенің барын жасырмады. Ауылшаруашылық техникалар, дәнді дақылдар тасымалдайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестік тауар тасымалдауда «Қазақстан темір жолы» ҰК тарапынан тіркелетін қиындықтармен жиі ұшырасатын көрінеді. Соның бірі – вагондардың жетіспеушілігі. Жалпы, ҚТЖ-дағы ескірген вагондар жайлы бұған дейін де талай айтылды. Осыдан сорлап қалатын ауылшаруашылық саласының адамдары.
– Білуімше, елімізде екі зауытта вагон өндіреді. Шынтуайтында, бар мәселенің бастауы – локомотивтік техникалардың тапшылығы. Неліктен ауылшаруашылық саласына жетіспей жатқан вагон түрлерін өндіру қолға алынбайды? Әсіресе, астық тасымалдауға арналған түрі. Осыған дейін «Защита» стансасы туралы диссертация жазған болатынмын. Түрлі құжаттарды ақтардым. Сол кезде «Өскемен-1» вокзалында тоғыз локомотив бар болатын, қазіргі уақытта бесеуге дейін қысқарыпты. Бұл немен байланысты? – деді «Астана Бизнес» ЖШС менеджері Мақсат Сләмов.


Оның сөзінше, көп түйткіл ҚТЖ-ның өзімен байланысты. Аталған ұйымдағы жүйесіздік тауар жөнелтушілердің зардап шегулеріне себепші. Жалпы, теміржол дегенде тауар жеткізу кезінде алушы тараптың қанағаттандырылуы маңызды екенін алға тартты. Тіпті, қауіпсіздік пен жеделдік бойынша Министрлік те жағдайды бақылауға алынған көрінеді.
– Компанияда қаржылық тұрғыда қиындықтар байқалады. Естеріңізде болса, ҚТЖ бұрын республикалық мемлекеттік кәсіпорын, сосын акционерлік қоғам, қазір ЖШС болып ықшамдалды. Ендігіде жеке кәсіпкерлік болып тіркеліп жүрмесін. Бұлай ұсақталып, пышырауы небір департамент, құрылымдардың көптеп ашылуынан, – деді Мақсат Сләмов.
«Астана Бизнес» ЖШС менеджері ҚТЖ өкілдері бір барғанда 48 вагон түсіру қажет деп шарт қойғандарын айтты. Өздеріне қажет 12, 5 вагон емес, бірден 48. Айналма жолдармен мұнша вагонды өткізу мүмкін емес, бөліп апаруға мәжбүр. Ал қалған бөлігі үшін ЖШС қосымша ақша төлейді. Әр бөліп апарғаны үшін жеке-жеке құжат толтырып, уақыт жоғалтады. Көп уақыт тұрып қалған тауар үшін қомақты айыппұл төлейді. Себебі, орын алып тұр. Сайып келгенде, Мақсат Сләмов вагон жетіспеушілігі осындай келеңсіздіктерге әкелгенін алға тартты. Мұның салдарынан ел көлемінде бидай тасымалдау қиындап кеткен.


Архат Бейсембаев пен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық сұрақтар бойынша орынбасары Әлия Мұқашева теміржолға қатысты сауалды республикалық деңгейде көтеруге әзір. Бір есептен, ҚТЖ-да қағазбастылық шектен тыс көп дейді. Бұл қаншалықты орынды, бәлкім, артығы һәм қажетсіздері бар шығар? Кәсіпкерлер мен шаруагерлер сан соғып, кедергілерге ұшырамас үшін тауар тасымалдау кезінде еш кедергі болмауы тиіс екендігін баса айтты. Жүйесіздік жойылмаса, көпшілік автокөліктер арқылы зат тасымалдауға көшері сөзсіз, мұның қаншалықты қымбат екені айтпаса да белгілі.

Әділхан ЕСІМХАНОВ