«Еліміздегі ең жас жазушы»: Өскеменде Ералы Пазылбекұлының ертегілер кітабының тұсауы кесілді

1099
көрілім

Республика көлемінде ең жас жазушы деп мойындалған жерлесіміздің ойлау қабілеті де ерек. «Ералының ертегілері» деп аталатын әңгімелер жинағының тұсауы кеше А.С.Пушкин атындағы кітапханада кесілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазақ қарадомалақтары қашан да қабілетті болғандығын сол жиынға қатысқан қонақтар да растады. Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО бойынша филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев вундеркинд десе, «Алаш» сыйлығының иегері Бақытжан Райсова қаршадайынан қазақ тілінің қамын ойлаған жеткіншек деді. Ералының тілеуін тілеп, қадамын құптауға келген сыныптастары да қиқуға басып, шараның құрметті меймандарына айналды. Анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы да үнемі ізденісте жүрген жан. Өңірге белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі тұсаукесер басталғанға дейін тағат таппай, дайындықты пысықтап жүрген. Жас прозашының сөзінше, қазірдің өзінде өз оқырмандары бар. Кішкентайынан Әл-Фарабиге еліктеген.

– Анам, әкем, жан жолдастарым, туыс-туғандар әркез қолдау көрсетеді. Солар мені жігерлендіріп, әрі қарай қанат қаға түсемін. Сыныптастарым да жылы лебіздерін аямайды. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, алашордашылардың еңбек жолымен танысудамын. Өте қызық, барлығын оқып бітем жоқ. Ең алғаш жазған әңгімем «Ғажайып саяхат» деп аталады. Онда орманда адасқан үш баланың шым-шытырық оқиғасы жазылған, – деді Ералы.

Сағат 15:00-ге жоспарланған шара межелі уақытында басталып, ертегі авторының бір туындысынан көрініс те көрсетілді. Әрі қарай ұйымдастырушылар Ералыны ортаға алып, шараның негізгі бөлігінің тиегі ағытылды.

Кейіпкеріміз төрт жасында кітаптарды оқып бастап, солардың әрбірін өз танымына сәйкес қорытып отырды. Соның барлығы алдағы жазар әңгімелеріне азық болып, миында қайнап жатты. Осы бастан «Мен жазушы әрі ғалым боламын» деген ой қазір ол үшін жетекші күшке айналғандай. Бүгінгі өмірде болып жатқан түрлі жайтқа өзінің қиялын қосқан жеткіншек бас-аяғы бүтін, біртұтас шығарма деңгейіне жеткізді. Өзінің айтуынша, шабыты тасып, ойы жинақы болса, бір әңгімені жазып бітуге 10-11 минут уақыт жұмсайды. Бірақ анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы Ералының есепке де жүйрік екенін айтты. Сонда сабақ кезінде бас қатырар есеп шығарып, кешкісін жазумен айналысуы Әлібек Қаңтарбаевтың ойын жалғап, «вундеркинд» деген сөзді тағы бір растады. Өмірге тоғыз бала әкелген әжесі де әркез батасын беріп, әкесі Пазылбек Файзрахмановтың қолдауы Ералыға даңғыл жол салғаны сөзсіз. Оған қоса, А.С.Пушкин атындағы кітапханада қолына түскен әр кітаптың бетін қайтармай оқуы, ұлт зиялыларының жүріп өткен жолына көз тастау – түбі қолына қалам алуға түрткі болған.

– Кітапқа көркемдік жағынан тұздық болып, өң берген суреттер де ғажап. Ералының әңгімелеріндегі бірқатар суретті Жамбыл мектеп-гимназия интернатында біліп алып жүрген Мөлдір есімді қызымыз салған. Сөйтіп тағы бір талантты танып отырмыз, – деді ұйымдастырушылар.

Небәрі тоғыз жасында өзінің кітабын шығарған бүлдіршін не жазды екен сауалдың туындауы заңдылық. «Кітаптар мұңы», «Айымның қателігі» сияқты әңгімелері XXI ғасырдың өткір мәселелерін қамтыған. Тілге деген құрмет һәм телефон мен гаджетке көп үңілетін жастар дерті бала ойымен нақпа-нақ берілді.

«Ералы жарайсың» деп плакат ұстаған сыныптастары шара барысында оқырман ретінде сауалдарын қойып, ең жас прозашыдан алдағы жоспарын да сұрады. Қазақ тілінде салмақты жауап қатқан кейіпкеріміз мүмкіндік болса қолынан қалам тастамайтынын жеткізді. Ән де айтады. Қазір өзі біліп алып жатқан Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінің басшылығы қабілетті баланың отын өшірмеудің қамымен жүр. Сынып жетекшісі келіп сыйлығын табыстады. Қазірден бастап ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге кіріскен баланың болмысы шынымен бөлек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ