Еліміздің теміржол вокзалдарында жолаушылардың қол жүктері мен багаждары ішінара тексерілетін болады

642
көрілім

1 маусымнан бастап еліміздің барлық өңірлік теміржол вокзалдарында жолаушылардың қол жүктері мен багаждары ішінара тексеріледі. Ішінара тексеру қағидасы көлік инфрақұрылымы нысанындағы тексеру пункті қызметкерлерінің күдігін тудырған жолаушыларға, олардың заттары мен қол жүктеріне, багаждарына қолданылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2017 жылдың ақпан айынан бастап еліміздің барлық теміржол вокзалдарында қол жүктері мен багаждарды тексеру кезең-кезеңімен енгізілуде. Биыл 1 ақпаннан бастап Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарында тексеру енгізілді. Ал 1 сәуірден бастап Астана қаласы вокзалында тексеру ұйымдастырылды.

Қалған 15 вокзалда (Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Орал, Қызылорда, Маңғышлақ, Атырау, Жамбыл, Шымкент, Бейнеу, Шу, Семей, Петропавл, Павлодар) тексеру 2017 жылдың 1 маусымынан енгізіледі.

Елордада жаңадан пайдалануға берілетін «Астана — Нұрлы жол» вокзалында да осындай қауіпсіздік шаралары қарастырылған.

Қауіптің жоғары («қызғылт сары») және өте қатерлі («қызыл») деңгейі жарияланған жағдайда барлық жолаушылар мен келушілер, олардың қолындағы заттары, оның ішінде қол жүктері мен багаждары тексеріледі.