«Еңбегіміз еш кетті»: «Өскемен аруы» байқауының жеңімпазы республикада қала намысын қорғай алмай қалды

1557
көрілім

Осы жылдың қыркүйек айында «Өскемен аруы» байқауында үздік атанған Ариана Мұратқанова республика деңгейінде өзін дәлелдеу үшін қызу дайындалып жатқан. Алайда соңғы жаңалықтар оның көңіліне қаяу түсіріп, қуанышын су сепкендей басты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жыл сайын өткізілетін «Өскемен аруы» байқауының финалына биыл тоғыз қыз шыққан. 24 қыркүйекте байқаудың шешуші сәтінде түгел сыннан сүрінбей өткен С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Ариана Мұратқанова үздік деп танылды. 20 жастағы ару осымен тоқтамай, келесі кезеңге сақадай сай бару үшін дайындалып жүрді. «Өнер өлмес, үміт сөнбес» демекші, республикада тағы жеңімпаз болса, халықаралық байқауда Қазақстан атынан өнер көрсетуге мүмкіндік бар. Бірақ оның ойлағаны болмады. Себебі соңғы сәтте «Қазақстан аруы-2022» байқауына қатысу шарттары өзгеріп кетіп, ол шеттетіліп қалды.

- Республикада өнер көрсету үшін барлық жұмыстарды ысырып, ұзақ уақыт тыңғылықты дайындалдым. Ол жерде тек сұлулыққа қарап емес, адамды өнеріне, біліміне қарап бағалайды ғой. Сол себепті ән дайындап, білімімді жан-жақты арттыруға тырыстым. Мені және басқа да бірнеше қалада жеңімпаз атанған қыздарды жарысқа қатыстырмайтындығы жайлы хабар төбемнен жай түскендей әсер етті. Себебін сұрайын деп ұйымдастырушыларға хабарласып көріп едім, мүлде жауап бермеді. Сонда қанша еңбегіміз еш кетіп тұр, - дейді Ариана Мұратқанова.

«Өскемен аруы» байқауының аймақтық директоры Милена Куйда да тосыннан жасалған бұл өзгеріске тосылып қалғанын айтты.

«Шынымды айтсам, Өскемен бойынша үздік атанған аруымыз «Қазақстан аруы-2022» байқауына бармай қалады деген ой мүлде келіп көрмепті. Бұған дейін осындай келеңсіздік болған емес. Байқау жеңімпазы Ариана Мұратқанова жас, бой, білім, бет-әлпет, қабілет сынды барлық талаптарға сәйкес келеді. Естуімізше, 7 қаладағы жеңімпаз қыздардың орнына көпке танымал блогерлер қатыспақ», - деді ол.

Милена Куйданың айтуынша, бұл байқау бұған дейін қарапайым отбасынан шыққан қыз ханшайымға айналатын ертегі секілді еді. Қыздар өз еңбегімен, табиғи сұлулығымен кез келген жетістікке жетуге болатынын түсінетін.

«Ал қазіргі болып жатқан өзгерістер бәрімізді мұңайтып отыр. Мысалы, спорттық жарыстың қалай өтетінін білесіз. Бірінші ауылда, сосын ауданда алдына жан салмаған спортшы облысқа аттанады. Ал облыста жеңіс тұғырынан көрінген соң республикада, одан кейін халықаралық додада өнер көрсетеді. «Қазақстан аруы» байқауы да дәл осылай болуы керек деп есептеймін», - дейді «Өскемен аруы» байқауының аймақтық директоры.

Анық-қанығын білу үшін Miss Qazaqstan жобасының PR-директоры Қамшат Әкімқожаға хабарласып көрдік. Ол бізге талаптардың нақты қалай және не себепті өзгергенін айтып берді.

«Биыл кастинг өткізу тәсілі өзгерді. Бұл байқаудың бәсекеге қабілеттілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Сапалы кастинг өткізу үшін өңірлік ұйымдастырушыларға да, байқауға қатысушыларға да қойылатын талаптар артты, олар мінсіз сырт келбеттен басқа, беделге және жоғары интеллектке ие болуы қажет. Өйткені іріктелген «Қазақстан аруы» елдің жаңа тұлғасына айналмақ. «Қазақстан аруы-2022» ұлттық сұлулық байқауының финалына Орал, Талдықорған, Петропавл, Ақтау, Өскемен, Тараз және Қызылорда сияқты өңірлердің жеңімпаздары кірмеді. Себебі олар жартылай финалда байқау талаптарына толық сәйкес келмеген. Мысалы, аймақ жеңімпаздарының бірі 16 жастағы бойжеткен болды. Алайда қатысушылардың жасы - байқау финалына қатысу үшін негізгі іріктеу критерийлерінің бірі еді. Бұл кез-келген халықаралық сұлулық байқауының шарты. Біз өңірлердегі азаматтардың пікірін тыңдап, арулардың кеңсеге өз бетінше жіберген сауалдарына жауап бердік. Қазіргі уақытта финалистердің соңғы тізімін бере алмаймыз, өйткені финал әлі барлық жерде өтіп болған жоқ. 9 қараша күні қатысушылар мен олардың қалалары мен аймақтары туралы ақпарат жария етіледі», - деді ол.

Қамшат Әкімқожа бір пункт бойынша өтпеген аруды да мақұлдай алмайтындықтарын жеткізді. Өйткені халықаралық байқау стандарттары бекітіліп отыр.

«Жеңімпаз халықаралық конкурстарда Қазақстан атынан қатысатын болады. «Miss Qazaqstan» ұлттық сұлулық байқауының бүгінгі таңда «Miss World», «Miss Earth», «Miss Universe» сияқты әлемдік байқауларға лицензиясы бар екенін және біз сол жерге үздіктердің ең үздігін жібергіміз келетінін ерекше атап өткіміз келеді. Басты мақсатымыз - әлемдік сұлулық байқауында жүлделі орынды иелену. Барлық өңірлік ұйымдастырушылар Алматыда өтетін финалдық шоуға шақырылды. Мұнда енгізілген өзгерістердің кем тұстарын жүйелі саралап, талқылауға мүмкіндік болады», - дейді жобаның PR-директоры.

Айта кетейік, «Қазақстан аруы-2022» байқауының финалы 18 қарашада Алматы қаласында өтуі тиіс.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ