– Еңбек кітапшамды жоғалтып алған едім. Өмірімнің әр жылдарында түрлі қызмет жасадым. Соңғы уақытта әскери қызметте болдым. Енді осыған дейінгі жұмыс өтілімнің болғанын қалай дәлелдесем болады?
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға көші-қон комитетінің ШҚО бойынша Департаменті басшысы Болат Сәтеков жауап берді:
– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы №105-V Заңының 14-бабына сәйкес, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. Еңбек кітапшасы жоғалған кезде немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың негізінде немесе сот шешімінің негізінде анықталады.
Еңбек кітапшасы жоқ болған жағдайда зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілін дәлелдейтін құжаттар ретінде мұрағаттық анықтамалар немесе жұмыс орнынан анықтамалар ұсынылады. Мұрағатта қажетті құжаттар болмаған жағдайда жұмыс істеу фактісі сот арқылы анықталады.
Еңбек кітапшасын толтыру кезінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік Даму министрінің «Еңбек кітапшасының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 30 қарашадағы №929 бұйрығын басшылыққа алу керек. Аталған қағидамен еңбек кітапшасын қайтадан жасату тәртібі қарастырылмаған.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 35-бабына сәйкес жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі:
1. Еңбек кітапшасы;
2. Тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;
3. Еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;
4. Жұмыскерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;
5. Жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) (болған кезде);
6. Аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер;
7. Жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;
8. Жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылатынын қосымша хабарлаймыз.