2013 жылы Қазақстанда Еңбек күні белгіленді. Оны қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтеді. Биыл осы мереке 24 қыркүйекке келіп тұр. Осыған орай А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкері, кітапханашы Рақия Уалханова туралы сөз етпекпіз. Тәжірибелі маманның жастарға берері мол, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Рақия Уалханова кітапханашы болса да негізгі мамандығы – физик.
«Мектеп бітіргеннен кейін Өскемендегі жергілікті педагогикалық институттың физика және математика факультетіне оқуға түсіп, соны аяқтадым. Бұл кездейсоқ емес, өйткені отбасымызда тоғыз бала жоғары білім алып, негізінен мұғалім мамандығын таңдап, мектептерде жұмыс істеген. Олардың бірі мектеп директоры, ауылдық округ әкімі болды», - дейді ол.
Кейіпкеріміздің әкесі Нұралы ақсақал өмір бойы Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында мұғалім болып жұмыс істеген және мұғалімдер әулетінің отағасы болған.
«Институттан кейін ауыл мектебінде мамандығым бойынша жұмыс істедім. Кейін тұрғылықты жерімнің өзгеруіне, отбасын құруыма байланысты Катонқарағай мемлекеттік мұрағатына жұмысқа орналасып, онда 1983 жылдан 1997 жылға дейін директор болдым. Осыдан соң Өскеменге көшіп, содан бері А. С. Пушкин атындағы кітапханада еңбек етіп келемін», - дейді Рақия Уалханова.
Оның айтуынша, әртүрлі сала болғанымен, мұрағатшы мен кітапханашы ісінде көптеген ұқсастық бар. Оларға жүйелік тәсіл, әр фактінің, санның, күннің нақтылығы үшін жауапкершілік тән.
«Өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге тиіспіз. Біз қазіргі білім теңізінде оларға қажет ақпаратты нақты беруіміз керек. Өз көзқарасымызды немесе ойымызды тықпаламай, бүгінгі жастарға, әсіресе балаларға өзінің қарым-қабілетіне сай, қызығушылығын тудырған бағытқа бет бұруына көмектесуіміз керек. Олармен бір тілде сөйлесе білуіміз қажет. Ал ол үшін заманауи технологияларды меңгеруіміз керек», - дейді кітапханашы.
Ол библиографиялық жазбаларды енгізумен айналысады. Сондай-ақ ШҚО қалалары мен аудандарындағы әріптестерінің біліктілігін арттыру үшін курстар өткізеді. Қазіргі заманғы кітапхана ісіндегі түрлі тиімді жобалардың авторы. Жалпы еңбек өтілі 44 жыл, оның ішінде 27 жыл «Пушкин» кітапханасында қызмет атқарған. Еңбегі үшін «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.
«Рақия Нұралықызы жастар мен балалар үшін үлгі боларлық нағыз өз ісінің шебері. Жаңалықтарға ашық, барлық заманауи технологиялар мен процестерді тез меңгеріп, оларды шебер қолдана біледі. Кез-келген іске шығармашылықпен қарайды, өлең, арнау жазады», – дейді кітапхана директорының орынбасары Жанна Сакпанова.
Ол әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушысы. Әріптестерімен бірге А.С. Пушкин атындағы кітапхананың имиджін қалыптастыру үшін желі арқылы насихат жүргізеді. Өз ісіне берілгендігі, өзін-өзі үнемі дамытуы – жас мамандар үшін нағыз үлгі!