- Еңбек өтілін есептеуде мерзімді әскери борышты өтеу уақыты есепке алына ма? Жалпы мұндай есептеуде қандай жағдайлар есепке алынады?
Тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Сәтеков былай деп жауап берді:
- "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 13-бабына сәйкес еңбек өтілін есептеуде мыналар есепке алынады:
1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтiн жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;
4) мемлекеттiк қызмет;
5) кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;
6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыт;
7) 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт;
8) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт;
9) қылмыстық жауапқа негiзсiз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, бiрақ кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру және жер аудару орындарында жазасын өтеген уақыты;
10) еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыты;
11) жұмыс iстемейтiн соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң мүгедек болған уақыты;
12) бұрынғы кеңестік мекемелердiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi;
13) әскери қызметшiлер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi;
14) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу;
15) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендiрiлген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кен-құтқару бөлiмдерiндегі қызмет;
16) Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі.