Бала күнінде полицей болуды армандамайтын жеткіншек ілуде біреу шығар. Ойыншық тапаншаны сатқызып алып, болмаса қолдан жасап, үй ауласында «тарс-тарс» деп айқайға басады. «Бұзақыны қолға түсірдім» деп қуанады. Дегенмен кішкентай күніндегі қиялын ақиқатқа ұластырып, құқық қорғау саласында жұмыс істеп жатқандар да аз емес. Солардың бірі Құрманғалиевтер әулеті. Жуықта осы отбасының мүшесі, Өскемен қалалық Полиция басқармасы Үлбі полиция бөлімінде қызметін жалғаған Тілектес Бекетұлын әңгіме тартқан едік.
Тұғылда туған тәртіп сақшылары
Алғашқы сөздерінен-ақ кейіпкеріміздің жұмысқа келгенде тап-тұйнақтай, басшылық жасаған ескерту-ұсыныстардан сабақ шығарып, келер күнге бағытын айқындайтын іскер азамат екенін тез аңғардық. Тиянақтылық пен жинақылық болмаған жерден нәтиже де сырт айналып өтеді. Жерлесіміздің жүріп өткен жолына тоқталмас бұрын отбасы мен жақындарының қай жерде кіндік қаны тамғанына үңіліп, тақырыпты рет-ретімен ашуды жөн көрдік.
Мақала кейіпкері Тілектес Құраманғалиев Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында туған. Орда бұзар жасқан асқан азамат жанұясындағы адамдарды жеке-жеке таныстырып, қарбалас шағы мен қиындығы сабақтасқан мамандыққа қалай ойысқандарын әңгімелеп берді. Әрбіріне ортақ жайт сол, қызметке деген адалдық һәм темірдей тәртіпке бағыну.
Бекет Құрманғалиев
Әкесі Бекет Абылахұлы 1947 жылы «Топылев Мыс» ауылында өмірге келген. Бала күнінен «милиция боламын» деген мақсатынан айнымай, 1971 жылы қалаған жұмысына орналасты. Ол кезде ауылдарда түтін саны мол, өмір ағысы нақты бір маман иелерін әр жаққа жөнелтіп жатты. Қалтарыс-бұлтарысы көп қызметте жүріп, өмірлік серігі Торғын Демежанқызын жолықтырды. Әдетте Тарбағатай жұртының әңгімесіне құлақ түрсек, әдебиет кейіпкерлеріндегі кісі есімдері ауданда жиі ұшырасатынын айтып жатады. Жерлес жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы кейіпкер Демежанмен әкесінің есімі аттас нәзік жанды Крупское ауылында өмір есігін ашқан. Тұрмыс құрған соң Приозерный кентіне (қазіргі Тұғыл) қоныс аударды. Ол жақта «Күншуақ» балабақшасына тәрбиеші болып орналасты. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ал әулеттің арқасүйері Бекет Құрманғалиев құқық қорғау саласында аттай 38 жыл еңбек етті. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің зейнеткері.
– Ағам Берік Құрманғалиев те Приозерный кентінде туған. Ол да әке жолын қуып, 1992 жылы милиция болып жұмысқа тұрды. Қазір Ішкі істер министрлігінің зейнеткері, – деді кейіпкеріміз.
Берік Құрманғалиев
Кейде сандар сәйкестігін байқап жатамыз. Айталық, спортта рекордтар қайталанып жатса, экономикада, саудада әлдебір заттың бағасы бірдей болады. Бұл ретте Бекет Абылахұлы да, Берік Құрманғалиев те осы салада тура 38 жыл тер төккендерін айта кеткен орынды.
Тілектес Бекетұлының әпкесі Гүлжан Әубәкірова өзінен 16 жас үлкен. Приозерный кентінің тумасы. Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінде қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шықты. Ал тағы бір әпкесі Жанат Зиянованың кіндік қаны Зайсан қаласында тамған. Аталған салада жемісті еңбек етіп жүріп, бала күтіміне байланыста қазір еңбек демалысында.
«Жұмыстың оңайы жоқ»
Барлығы дерлік өз ортасында беделге ие болып, басшылық жүктеген тапсырманы ойдағыдай атқарды. Тілектес Құрманғалиевтің сөзінше, бала күнінен білімге ден қойған. Мектеп қабырғасындағы қоғамдық шаралар онсыз өтпейтін. 1996 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп табалдырығын аттап, сол аралықта мақсатын түбегейлі айқындады. 2006 жылы осы білім ордасының түлегі атанып, әрі қарай ересек шақтың есігін қақты.
Жанат Зиянова
– Сол жылы Алматы қаласындағы «Орта Азиялық Университетіне» құқықтану мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2010 жылы тәмәмдадым. Осы аралықта, яғни 2008-2009 жылдары Астана қаласындағы №6636 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп қайттым. Еңбек жолымда алғаш 2016 жылы Өскемен қалалық Полиция басқармасы Үлбі ПБ «Кәмелетке толмағандар істер жөніндегі инспектор» лауазымына қабылданып, арада уақыт өткенде лейтенант шенін алдым. Жалпы, 2021 жылға дейін сол жерде еңбек еттім, – деді полицейлер династиясының өкілі.
Өзінің айтуынша, осы мамандықты таңдау себебі, біріншіден, әке, аға, әпке жолын жалғастыру. Екіншіден, жәрдем сұраған кез келген адамға заң тарапынан көмек қолын созуды жөн көрді. Содан бері қызметтегі қарбалас таңғы сағат 08:00-ден басталып, небір қызық жайттарды басынан өткереді.
Тілектес Бекетұлы қызмет барысында
– Таңсәрідегі жұмыс Үлбі полиция бөлімінде басталып, құрған жоспарым мен басшылық берген тапсырмаларды сол күні орындауға тырысамын. Жұмыс кестеден кешіксе, ертеңінде шаруа тіптен қордаланады. Оның бәрін тәжірибе жинақтаған сайын түйсіндім. Өз әкімшілік аумағымда қылмыстық және әкімшілік бұзушылық болмас үшін профилактикалық шаралар жүргіземіз. Тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды заң аясында қарастырамын, – деді кейіпкеріміз.
Қоғамдағы кез келген тосын өзгерістер тәртіп сақшыларын айналып өтпейді. Бұл маман иелері керек болса басын қатерге тігіп, тәуекел етіп жатады. Бастысы, ата-анасы әркез қолдайды. Әкесінің кеңесін медет етіп, аға-әпкелерінің демеуін сезінеді. Біз әңгімелесіп отырғанда сағат тілі түнгі 00:00 шамасы еді. Бірақ Тілектес Бекетұлының санасы әлі де сергек, айтқан дүниелерін ұйып тыңдадық. Хаттама толтырып жатып, тұрғындар тарапынан түскен саналуан сауалдарға жауап іздеді. Анығы сол, қалалықтар түсірген бірде-бір өтініш, арыз ескерусіз қалмайды. Заң ясында барлығына жауап беріледі.
– Жұмыстың оңайы жоқ қой. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп босқа айтпаған. Барлық тапсырма дер кезінде, дұрыс орындалуы тиіс. Мамандығымыздағы қағида да сол. Өз әулетімізде өзгенің пікіріне құрметпен қарау, адамдарға деген сыйластық бірінші кезекте тұрады, – деді инспектор.
Жақындар бас қосқан сәт
Айтуынша, полиция мамандығының өзгелерден ерекшелігі сол, көмек сұраған адамдарға қолұшын беріп, тапсырманы екі етпей, қойылған сұрақтарға нақты жауап беріледі. Сөз соңында «полицей атағын абыроймен алып жүру де маңызды» деді. Осы ұстанымдарын ескек етсе, Тілек Құрманғалиевтің алдағы құрар отбасының іргетасы берік, қызметтте ісі ілгерілей түсетіндігіне күмән жоқ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ