Ербол Күбентаев: Ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшімізді саламыз

385
көрілім

Қазір өңір көлемінде әр саланың өзіндік мәселелері мен қиындықтары қатар жалғасып жатыр. Тұрғындар партиялардың жолына үмітпен қарап, зор сенім артып отыр. Көпшілігі ауылдағы тіршілік тұраласа, ертелі-кеш әсері қала жұртына да сезіледі деп қапалы. Олар бұқара жұрт игілігі үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр? Осы ретте «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Ербол Күбентаевпен сұхбаттастық.

– Ербол Құмашұлы, «Ауыл» партиясы қашаннан бастап жұмыс істеп келеді?
– «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы мен Патриоттар партиясының қосылуы нәтижесінде құрылды. Партия Төрағасы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партияның фракция жетекшісі, Аграрлық мәселелер комитетінің Төрағасы Серік Егізбаев. Құрылғалы түрлі шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, партия бағдарламасы ауыл тұрғындарын қолдауды бірінші орынға қойды. Шаруа қожалықтарының бастамасына демеу білдіріп, мәселелерін Парламент көлемінде көтерілуде.
– Партияның мақсаты-мүддесі, бағыты қандай?
– Партияның басты назары ауыл мәселелерін шешу, агроөнеркәсіп саласын дамыту мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуда болмақ. Партияның басым бағыттарында аграрлы секторды мемлекеттік реттеу мен қолдауды күшейту, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мүддесін қорғау, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпалдасу болып саналады. 2023 жылғы 19 наурызда сегізінші шақырылымның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Парламент Мәжілісіне сайлауға 7 саяси партия қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 8 депутаттық мандатқа ие болды. Партиялық тізімдерге сәйкес дауыс беру қорытындысында «Ауыл» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы 2 депутаттық мандатқа, қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау бойынша аудандық мәслихаттарда 7 мандатқа ие болды.
– Ауылдағы әлеуметтік тұрмысты арттырудың маңызы қандай?
– Әралуан ахуалдар аудан, облыс шеңберінде талқыланды. «Ауыл» партиясында барлық ауыл шаруашылығы түйткілдері қамтылған. Егер осыған дейін түрлі салаларға депутаттар қолұшын беріп жатса, біз де қаңырап тұрған, шалғайдағы елдімекендерге атізін салуды жиілеттік. Заң аясында нені қалыпқа келтіруге болады? Осыған жауап іздейміз. Өзіміз көмек беріп жатқан шаруа қожалықтарымен жүздесіп, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша жұмыстар атқарамыз. Алдымен ауылдардағы әлеуметтік жағдайға, артынша экономикалық көрсеткіштерге мән берген жөн. Ауыл болса – халық та болады. Ол үшін жұртты рухани жаңғырту керек. Салт-дәстүріміз бен тіліміз сол жақтан тамыр тартады. Бұл ретте Үкімет те осы саланы жіті қолдаулары керек деп санаймын. Мәселен, мұнайшылар өздері нан табады, алпауыт зауыт пен кәсіпорындар өз беттерінше тірлік кешеді. Ал ауылдың жөні бөлек. Жаман айтпай жақсы жоқ, адамзат ас-судан таршылық көрсе, зауыт өнімдері нан болмайды. Аш адам жұмысқа құлықсыз. Сондықтан қарапайым еңбек адамдары өндіретін ауыл өнімдері үзілмеуі тиіс. Ауыл – мемлекеттің тұрақтылығы мен болашағы. Басқа тауарлар қымбаттап жатыр деп ауыл елеусіз қалса, жағдайымыз күрделене бермек.
– Партия ауылдағы өзекті мәселелерді шешу үшін қандай шараларды қолға алуда?
– Жаңа айтылған мәселелерді әр отырыс-жиында талқыға салып келеміз. Соның бәрі құрғақ сөз болып қалмас үшін тиісті концепция әзірленбек. Биыл бірінші рет фракция болып Парламентке өттік. Бұған ауыл тұрғындары қуанып жатыр. Ең алдымен «біздің де мәселені көтеретін адамдар бар екен ғой» деп жылы лебіздерін білдірді. Сенім білдірген оларға алғысымыз зор. Әйткенмен біз де олардың алдында жауапкершілік жүгін сезініп отырмыз. Әрбіріміз патриот болған соң ауыл үшін қызмет етуіміз керек. Негізінен біздің партия мүшелері әр ауданда, ауылда бар. Әкімдер мен депутаттар да бұған атсалысып жатыр. Мәселенің бәрі жиындарда талқыланады. Кейбір сауалдарды депутаттарға жолдап, жауабын халыққа ұсынамыз. Өзіміз де ауылдарды аралаймыз. Ауыл жұртымен кездескенде заманауи әдістерді қолданып көреміз. Айталық, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынының ШҚО бойынша өңірлік филиалының төрағасы Фарид Әбітаевтың Солнечное ауылындағы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығына» студенттерді шақырып, техника, құрылғылармен таныстырдық. Бұған ғылыми қадам жасалуы тиіс. Біз ауылдарға барған кезде шаруа қожалықтары экскурсия ұйымдастырып, халықаралық стандарттарға сәйкес қандай жұмыстар атқарып жатқандарын, ет, сүт өнімдері қалай шығарылатынын көрсетсе, жастардың ауылға баруға деген қызығушылықтары оянады деп сенеміз. Осы бағытта жұмыс тоқтаған жоқ. Біртіндеп цифрландыру енгізіліп келеді.
Тіл тақырыбы қашан да өзекті. Қалаға көшіп келген көптеген ауыл жұртына мемлекеттік тіл насихатталып келеді. Мал шаруашылығынан бастап, жер тақырыбы бар. Оның өзі бірнеше бағыттан тұрады. Сүт-тауарлы фермаларды алсақ та тұрғындар үшін табысты. Бірақ соны іске асыруға тиісті жағдай жасалуы керек. Соның бәрін халықаралық стандартқа жеткізу үшін көмек беруге тиіспіз. Егер біз белгілі бір ауылдың шаруашылығын көтере білсек, оның пайдасын көп халық көре алады.
– Партияның ШҚО бойынша өңірлік филиалы ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай қандай іс-шаралар өткізіп жатыр?
– «Ауыл» партиясымен тізе қосып, Қазақстан фермерлер Қауымдастығы жұмыс істейді. Өңірдегі шаруалардың бірқатары соның құрамында. Қандай өзгерістер, жаңашылдықтар сөз етіліп жатқанын бақылап отырамыз. Ресми тақырыптардың барлығы сонда талқыланып, ұсыныстар айтылады. Сұрақ қаралса, шешу жолдарын іздейді.
«Ауыл» партиясының қолдауымен ауданның ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосып жүрген, өз саласында озат шыққандарға құрмет көрсетіліп, салтанатты түрде ведомстволық наградаларымен марапатталды. Айталық, Самар ауданындағы «Ауыл» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Александр Петрович Трашков, Самар ауданы, Аққала ауылының «Адал» ШҚ шаруашылық басқарушысы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС машиналық сауу операторы Умарова Кристина Владимировна «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. «Воробьев Н. и Ко» КТ тракторшы-машинисі Гросс Евгений Александрович «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, салалық мереке қарсаңында облыстағы еңбек ардагерлерін төл мейрамымен құттықтау, бекітілген Жоспарға сәйкес түрлі шараларды ұйымдастыру жұмыстары атқарылып жатыр. Еңбек адамы біздің елімізде ең құрметті және танымал болуы керек. Еңбекқор адамды жоғары жалақымен, сыйақыларымен және барлық жеңілдіктерімен марапаттау керек. Еңбек адамының мәртебесін арттыру, қоғамда жұмысшы кәсіптеріне оң көзқарасты қалыптастыру және ауыл еңбеккерлерінің беделін көтеру қажет. Әрқашанда ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүрген қызметкерлердің жетістіктері бағаланып, Партия назардан тыс қалдырмауға тырысады.
Партияның жастар саясаты саласында «Ауыл» жастары қанаты ілгері басып келеді. Жыл көлемінде ауыл жастарына қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы мамандығының имиджін арттыру бағытында аудандарда ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен кездесу өткізіледі, ауыл жастарына арналған шаруа қожалықтары мен алдыңғы қатарлы ауылдарда экскурсиялар және сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел отырыстары өткізіледі, түрлі мерекелік іс-шаралар, акцияларды ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

– Партияның алдағы жоспары қандай?
– Ең алдымен ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшімізді салмақпыз. Онда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстау күн тәртібінде тұр. Негізі қала мен елдімекендегі өмір сапасында айтарлықтай айырмашылық болмауы керек. Ол жақта да интернет, жылы су, таза ауызсу, жібі түзу жолы болу қажет. Ол жақтағы тұрмыс тұраласа, ертелі-кеш әсері қалаға сезіледі. Жоспар көп, тек соның бәрі әрекетсіз қалмаса жөн.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!
Асыл АЙТБАЕВ