- Жақында көлігім сынып эвакуатор шақыртқан кезде бір түсініксіз жағдай болды. Сынған көлігімді эвакуаторға тиеп алып келе жатқанда жол-патрульдік полициясының қызметкерлері тоқтатып ақылға қонымсыз нәрселерді алға тартып, эвакуатор жүргізушісіне айыппұл салды. Алдында ғана көше қиылысында эвакуатор көлігі бағдаршамның қызыл сигналына орай жолдың сол жақ шеткі жолағына тоқтаған болатын. Көшенің бұл қиылысында әр бағыт бойынша үш жолақтан бар еді. Бағдаршамның жасыл сигналы жанған соң өз жолағымызбен "қозғалыстың жол жолақтары бойынша бағыттары" жол белгісінің талаптарын бұзбай ары қарай қозғалған болатынбыз. Полиция қызметкерлерінің қандай себептермен эвакуаторды тоқтатқанын білгім келеді.
Әділ Н., тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға ҚР ІІМ баспасөз қызметі жауап берді:
- Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінің 9.4-тармағында "бір бағыттағы қозғалысқа арналған үш және одан көп жолағы бар кез келген жолда, басқа жол жолақтары бос болмаған кезде сол жақ шеткі жол жолағына неғұрлым үдемелі қозғалыс кезінде, сондай-ақ басып озуға, солға бұрылуға немесе кері айналу үшін шығуға, ал рұқсат етілген ең жоғарғы массасы 3,5 тоннадан артық болатын жүк автомобильдеріне — тек қана солға немесе кері бұрылуға рұқсат етіледі" деп жазылған.