Ерекше көрініс

488
көрілім

Еліміздің латын қарпіне толық көшуіне әлі де алты жылға жуық уақыт бар. Десек те, арамызда бұл үрдісті бүгіннен бастап жатқан жерлестеріміз де аз емес. Өңіріміздің әр жерінде түрлі бизнес нысандарының атаулары, хабарламалары болашақ қаріпте жазылып орнатылуда. Соның бірі таяуда облыс орталығында жаңадан ашылған жеміс-жидек сататын дүңгіршек болды.

Әрпі көпшілікке әлі де танымал емес тілде жазылған дүңгіршек көпшілік арасында пікірталас тудырып, кейбір ағайынның келіспеушілігіне де әкеп соқты. Дегенмен болашақ бағдарын дұрыс таңдадым деген дүңгіршек иесі нысанды орнатуда да, латын қарпіндегі маңдайшасын ілгенде де ешкімнің қарсылық білдірмегенін айтады.

- Осыған дейін бұрын "Колос" базары деп аталған жерде кәсібімізді дөңгелеткен болатынбыз, - дейді атын атамауды жөн көрген дүңгіршек иесі. - Қазір ол жер жабылған. Содан бері үйренген жерімізден алыстамай осы жерден орын алдық. Дүңгіршекті орнатып, маңдайшасын жазғанда да ешкім қарсылық білдірген жоқ. Жерді әкімдіктен заңды түрде алдық. Үй тұрғындары да наразылық білдірген емес. Керісінше, олар мұндай сауда нүктесінің үй іргесінде болғанына разы.

Жаңа қаріпке тұрғындардың көздері үйрене берсін деген оймен маңдайша жазуды ілгенін айтқан дүңгіршек иесі мұның алдағы уақытта біраз қаржыны үнемдеп қалуы ғажап емес екенін де атап өтті. "Кейін бизнес нысандарға жаңа талап міндеттелгенде маңдайшадағы жазуды жаңасына ауыстырудың қажеті болмас деп ойлаймын", - дейді ол.

Ерлен ОСМАНОВ