Әріп танымайтын баланы даярлық сыныбына қабылдай ма?

653
көрілім
Фотосурет - tobolinfo.kz сайтынан

- Биыл 1 қыркүйектен бастап балам орта мектептің даярлық сыныбына бармақшы. Балабақшаға бір жыл көлемінде барғанымен әріп танымайды. Естуімше, бала әріп танымаса мектептің даярлық сыныбына қабылданбайтын көрінеді. Сонда баламды мектепке даярлау үшін не істегенім жөн?

Динара Т., тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға жауап берген облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмәділова мектепалды даярлық сыныбына барған баланың әріп туралы түсінік алып, танысатынын айтады.

- Дайындық сыныбында тәрбие мен оқыту жүйесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің "Мектепалды тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы" 2016 жылғы 12 тамыздағы №499 бұйрығына сәйкес жүргізіледі, - дейді жауапты тұлға. - "Коммуникация" білім беру саласының "Сауат ашу негіздері" бөлімінде бала қатаң және ұяң дыбыстарды ажыратуға үйренеді, дыбыстық талдау жасайды, екпінді, буынды естиді, анықтай алады, түрлі сызықтар, штрихтар жүргізеді. Аталған бағдарлама мазмұнында коммуникация, денсаулық, әлеумет, шығармашылық және таным сияқты білім беру салаларының мақсаты, міндеттері мен күтілетін нәтижелері белгіленген.

Басқарма басшылығының хабарлауынша, еліміздің "Білім туралы" заңының 30-бабы, 3-тармағына сәйкес балаларды мектепке оқыту бес жастан бастап мектепалды даярлық түрінде жүргізіледі.

- Мектепалды даярлық міндетті және ол отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады, - деп қосты Сайрангүл Ахметкәрімқызы. - Осыған орай, дайындық сыныбына баратын балалар мектепалды даярлық сыныбына ата-анасының өтініші негізінде қабылданады.

Демек, сізге уайымдаудың қажеті жоқ. Тек балаңызды апарып келуге ыңғайлы өзіңіз тұратын мекенжайға жақын маңда орналасқан мектепті таңдасаңыз болғаны. Ал балаңыздың әріп тануы немесе танымауы маңызды емес. Бұл мәселені үйіңізде жүзеге асыра алмасаңыз мектепалды даярлық сыныбындағы ұстаздың үйретері анық.