Республика аумағында коронавирус індетінің өршуіне байланысты палуандарды әлемдік аламанға қатыстырмау туралы шешім қаралуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күрес түрлерінен Әлем чемпионатын қабылдауға Сербия елі жауапты. Желтоқсан айында жалауын көтереді деп жоспарланған доданың өтпей қалу қаупі жоғары. Алдымен АҚШ күрес федерациясы елдегі инфекцияның асқынуына байланысты спортшыларды жібермеу туралы шешім қабылдаған. Сосын жапон палуандарының қатыспайтындығы мәлім болды. Әлемдік күрес парақшаларының бірінде «ауқымды аламан түбі өтпей қалатын сияқты» деп жазылған еді. Енді қазақстандық еркін күрес шеберлері Белградтағы бозкілем бәсекесінен сырт қалулары мүмкін. Әлі ресми ақпарат берілмеді. Дегенмен ел құрамасын Әлем чемпионатына жібермеу туралы жазылған құжат фотосуретінің желілерде желдей есіп жүргенін айта кетейік.