Біршама қызық естіледі, Бундеслига дегенде бірден футбол еске түсуі мүмкін. Алайда Германияда осындай атаумен командалық еркін күрес бәсекесі өткізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған сынға Алматы қаласының тумасы Еламан Қадырсейіт қатысуда. Естеріңізге сала кетейік, Еламан өткен жылы Өскеменде өткен 23 жасқа дейінгі ел чемпионатында 57 келіге дейінгі дәрежеде қола жүлдегер атанған болатын. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Жарма ауданының тумасы, қазірде Павлодар облысы атынан сынға түсіп жүрген Ербұлан Сарқытбаевтан басым түскен-тін.
Аталған сайыста Еламан өнер көрсетіп жүрген Johannis Grizzlys командасы 12:9 есебімен Warriors-ты сан соқтырды. Никлас Штехелмен шеберлік байқасқан отандасымыз бабында екенін байқатып, 3:0 есебімен басым түсті.