Ерлан Әукенов: Аз қамтылған отбасылардың жәрдемақымен қоса кепілдендірілген әлеуметтік пакет алуға мүмкіндіктері бар

398
көрілім

Атаулы әлеуметтік көмек алу реформасы үш блокқа бөлінген. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов соның әр блогы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту мақсатында екендігін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Біріншісі – көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау. Әр балаға 10600 теңге беріледі. Мұның бір тиімді қыры – үнемі құжат толтырып рәсімдемей, көпбалалы отбасылар ай сайын жәрдемақы алып отырады. Екіншісі – атаулы әлеуемттік көмек. Осы ретте біз көпбалалы және аз қамтылған деген түсініктің аражігін ажыраттық. Өздеріңізге белгілі, көпбалалы жанұялар арасында табысы орташа және жоғары отбасылар бар. Атаулы әлеуметтік көмек көбінде аз қамтылған отбасыларға беріледі. Осыған дейін олар 20 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырса, бұдан былай сол қаражатпен қоса кепілдендірілген әлеуметтік пакет алуға мүмкіндік бар. Бұл реформаның үшінші блогы, – дейді жауапты тұлға.

Вице-министрдің айтуынша, көпбалалы отбасылар ай сайын өздеріне тиесілі жәрдемақы алып келсе, аз қамтылған жанұяларға жәрдемақылар тек еңбекке араласқан жағдайда беріледі. «Еңбектің қандай түрі?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Белгілі болғандай, жұмыс істеу графигі тиімді немесе төрт сағаттық жұмыс түрлері бар. Одан бөлек, мемлекеттік грант ұтып алу арқылы жекелей жұмыс істеуге болады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ