Елордада өткен Азия чемпионатында шешуші ұпайды 78 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Камила Берлықаш иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ширек финалда Жапония спортшыларына жол берген дзюдошыларымыз кіші финалда өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жұбаныш белдесуде неге күреспеді десеңіздер, Оңтүстік Корея дзюдошылары жарыс жолына шықпады. Ал Моңғолия мен Өзбекстан командалары арасында жеңілген команда, яғни өзбек спортшылары жарыс қожайындарына қарсылас атанды.
Команда сапында екі жерлесіміз өнер көрсетті. Жапон татами шеберлерімен өткен кездесуде 73 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы Данияр Шамшаев ұтылған болатын. Ал қола медаль үшін болған белдесуде осы салмақ дәрежесінде үржарлық Ерлан Серікжанов ел намысын қорғады. Өкінішке қарай, жерлесіміз де қарсыласы Абитхон Номоновқа жол берді. Оның алдында 57 келіге дейінгі салмақта Севара Нышанбаева жеңіске жеткен. Серікжанов есе жіберген соң Анастасия Маякова да (70 келіге дейін) жеңіліс тапты. Сосын Ерсұлтан Мұзаппаров пен Камила Берлықаш жеңіске жетіп, жағдайды түзеді. Есеп 3:2 болып тұрғанда 90 келіден жоғары салмақта жерлесіміз Әділ Оразбаев қарсыласына қауқар көрсете алмады.
Тең есепте қосымша белдесу үшін жеребе тартылды. Алайда 78 келіден жоғары салмақтағы Камила Берлықаштың есімі суырылып, өзбек спортшысының жарақат алғаны жайлы ақпарат тарағанда көпшілік бір ду ете қалды. Себебі, дәл осының алдында отандасымыз сол спортшыны таза ұтқан еді, әрі өзбек дзюдошысы қолын ауыртып алған.
Сөйтіп, аралас командалық жарыста Жапония топ жарып, Моңғолия күміс медаль иеленіп, Қазақстан мен Қытай татами шеберлері үздік үштікті түйіндеді. Ал жалпыкомандалық есепте төртінші орыннан көрінді.