Ерлігі ерен ер жігіт

542
көрілім

Семей қаласындағы құрылыс колледжінің жатақханасында қапияда өрт шыққанда 4-курс студенті Жасұлан Берекеев 3 бірдей баланы ажалдан арашалап қалған болатын. Жақында бейбіт күннің батыры бұл ерлігі үшін «Төтенше жағдайлардың алдын-алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.

Оқыс оқиға қаңтар айының аяғында орын алған. Тілсіз жау құрылыс колледжі жатақханасының 4-ші қабатынан тұтаныпты. Қызыл жалынның басқа бөлмелерге лезде таралғанын байқаған тұрғындар сыртқа қарай жапа-тармағай лап қойысты.

– Бөлмеде қаннен-қаперсіз жатқан едім, – дейді құрылысшы-техник мамандығының 4-ші курс студенті Жасұлан Берекеев, – Кенет жүгіріп келген досым «өртеніп жатыр!» деп айқайлайды. Әуел баста әзілдеп тұр екен деп ойладым. Бөлмеден шығып қарасам көк түтін мен лаулап жатқан отты көрдім.

Сол кезде Талдықорған облысы, Үштөбе ауданының тумасы көппен бірге далаға қарай бет алады. Бірақ оны жоғары қабатта жылаған баланың дауысы тоқтатқан.

– 5 қабаттағы дәліз соңында кішкентай қыз отыр екен, – дейді рухы берік Жасұлан, – Баланы көтеріп алып, бетін бас киіммен қорғалап жаптым да үшінші қабаттағы үлкендерге жеткіздім. «Тағы да көмекке мұқтаж балалар қалып қалуы мүмкін» деген оймен қайтадан 5 қабатқа көтерілдім.

Жасұлан Берекеев жатақхана бөлмелерін түгелдей аралап шыққан. Жатын бөлмелердің бірінен ол 7 жасар қыз бен 4 жасар ұл баланы тауып алып, қауіпсіз жерге жеткізеді. Қайсар жігіттің айтуынша, қысылтаяң шақ оған қас-қағым сәтте өте шыққандай көрініпті.

Мамыр айында Жасұлан Берекеевке ШҚО ТЖД ерен ерлігі үшін алғыс білдіріп, «Төтенше жағдайлардың алдын-алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапаттады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ