Облыс әкімдігінде өткен жиында Ермек Көшербаев жергілікті кәсіпкерлерді бағалы балық түрлерін өсіруде сылбырлық танытып жүргендерін сынға алды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанда балық өндіруден екінші орында тұр. Бұған еліміздің басқа аймақтары мақтана алмайтын көптеген өзен мен су қоймалары ықпал етеді. Сонымен бірге, облыс әкімі жергілікті шенеуніктер су қоймаларында тұқы және табан балығын өсіріп, ханбалық (форель) пен бекірені назардан тыс қалдырғандарын айтты. Жуықта облыс әкімдігінің отырысында Ермек Көшербаев Табиғи ресурстар басқармасы басшылығын осы тақырып бойынша сынға алды.
– Мен балық шаруашылығын дамыту жоспарын дайындауды тапсырдым. Оған қандай жауап айттыңыздар? «Бекірелеріңіз бізге керек емес. Біз тұқы балығына басымдық береміз». Осындай жауап бола ма екен? Кейбір шаруашылықтар сазанмен айналысса, басқалары бекірені қолға алған. Барлығына орын жеткілікті. Экология министрімен жүздескенде Қара Ертісте бекіре тұқымдас балықтардың табиғи ортасына қайтарылуын сөз еттік. Мында келіп бекіре балығының мүлде қажет еместігін, тұқы балығымен айналысамыз деген сөйлемді естідік. Бұны қалай түсінуге болады? Қаржының дұрыс бөлінуін қадағалауымыз керек. Өңіріміз қара уылдырық өндіретіндей деңгейге жетіп отыр. Тиісті сертификаты бар, Еуропаға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Астанаға жөнелтілуде. Адамдардың уылдырық сатып алуға деген сұранысы жоғары. Ханбалық өсіретін фермалар да солай. Бұндай жұмыстарды қолдан келгенше қолдау қажет, – деді Ермек Беделбайұлы.
Айта кетейік өңір басшысы балық шаруашылығы аймағымыздағы экономикалық дамудың тиімді тұстарының бірі екенін айтты.