Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Қарттар күнінде өңірдегі аға буын өкілдерімен кездесіп, мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
- Геннадий Леонидович Бердюгин облыстың саяси-әлеуметтік дамуына белсене араласып жүрген азамат. Кезінде бірге қызметтес болып, оның даналығы мен тәжірибесі біз үшін өте құнды екенін жақсы білемін. Сондай-ақ жеті бала тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана Галя Ешееваның шаңырағына бардым. Оның балаға деген даналығы мен тәрбиесі әрбіреуінің қоғамда өз орнын табуына жолдама болды. Біз Галя әжемен өте жылы сөйлесіп, біраз әңгіме өрбіттік. Оның мейірімі мен жанашырлығы, қамқорлығы көпке үлгі, - дейді облыс әкімі.
Өз сөзінде ол аға буынның жанымызда кеңес айтып, ақылшы болатыны қуантатындығын жеткізді.
- Сонымен қатар Глубокое ауданының Солнечный кентіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бардым. Онда бүгінде 110 қарт адам мен мүгедек тұрады. Мұнда тек жайлы өмір сүру үшін ғана емес, қажетті медициналық көмек алу, спортпен және шығармашылықпен айналысу, мәдени шараларға қатысу үшін барлық жағдайлар жасалған. Керемет кітапхана қоры, шаштараз, тігін цехы, шеберханалары бар. Біздің қарттар-бұл даналық пен баға жетпес тәжірибенің қойнауы. Оларға белсенді өмірлік ұстанымдары мен ұрпақ тәрбиесі үшін жасаған жарқын істері үшін өте ризамыз, әрдайым бас иеміз, - деді Ермек Көшербаев.
Сөз соңында аймақ басшысы өңір жұртшылығын Қарттар күнімен құттықтады.
- Даналығы мен тағылымы зор аға буынды Халықаралық мереке - Қарттар күнімен бас иiп құттықтаймын! Сіздерге ұзақ ғұмыр, амандық пен саулық тілеймін. Отбасыларыңыз бен жақындарыңыздың құрметі мен қамқорлығына бөленіп, әр күндеріңіз қуанышқа толы болсын. Шаңырақтарыңызда шаттық, отбасыларыңызда береке орнай берсін!, - деді ол.