Ермек Көшербаев облыстағы дарынды оқушылармен кездесті

393
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Шараның ресми атауы осылай болғанымен аймақ басшысы сөз басында бұған өзгеріс енгізуді жөн көрді. Оның айтуынша, бүлдіршіндерді дарынды, дарынсыз деп бөлгеннен гөрі барлығын қабілетті деп қарау керек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыстық Білім басқармасы әр жылы Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында түрлі пән олимпиадаларында жүлде алып, жаңалық ашуға ниетті жас өнертапқыштарды облыс әкімімен жүздестіреді. Тек оқуда озат шыққандар ғана емес, суретші, жас ақын, жас зерттеушілер де кездесуге шақырылған. Мәдениет басқармасына қарасты «Ертіс концерт» ғимаратында бас-аяғы 120-дан астам оқушы бас қосты. Ермек Көшербаев алдымен жас ғалымдармен жолығып, олар дайындап жатқан дүниелермен танысты. Алтай қаласынан келген Дана Базарбекова Шығыстың қытымыр қысын да кәдеге жаратып, одан электр энергиясын алуға болатынын айтты. Ол биыл Алматыда өткен Өмірбек Жолдасбеков атындағы ғылыми жобаға қатысып, жүлдегер атаныпты.

– Сіздерге таныстырып отырған жобамның тақырыбы – қар көшкінінен электр қуатын алу. Бұл тақырыпты таңдау себебім – біздің облыс республика бойынша қар көшкіні ең көп болатын өңірлердің бірі. Оның ішінде, Алтай ауданында қыс ұзақ. Жұмысымның қысқаша мазмұны мынадай: генератор, тростар, көп көлемде жүк керек. Бұл механизм тау басына орналастырылады. Айталық, қар таудың тура ортасымен түсірілсе, генераторға арқылы электр энергиясы өндіріледі. Сол үшін де бұл жоба толықтырылып, әрі қарай қолдау тапса, өңірге пайдасы тиетіндігіне сенім мол, – деді ол.

Ермек Беделбайұлы мұндай жоспарды жиі естігенімен, осылай нақты ойластырылған жұмысты жоғары бағалады. Алтайлық оқушыға жобаны ғалымдарға таныстыру мүмкіндігі барын жеткізді. Бұдан соң Никита Каллер өзінің «ақылды қоқыс салғышын» көрсетті. Егер ол ойластырған қоқыс жәшігі қолданысқа берілсе, онда әлдебір затты лақтырылып немесе төгерде қақпағы өздігінен ашылады. Қатты заттар жеке, целлофан, пластик сияқтылар бөлек жатады. Тағы бірнеше жоба таныстырылған соң шараның ресми бөлігі басталды.

Берілген ақпаратқа сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда 134 медаль жеңіп алған. Оның ішінде, 28 алтын, 39 күміс және 67 қола. Ермек Көшербаев бірі топ жарып, өзгесі жүлде алса да, оларды тегіс жеңімпаз деп таныды.

– Мұнда келерде дарынды балалармен кездесесіз деп айтты. Осы жерде сәл өзгеріс енгізгім келеді. Балаларды дарынды және дарынсыз деп бөлгеніміз жөн болмас. Себебі, барлығы қабілетті. Бәлкім, қаладағы білім беру жүйесі ауылмен салыстырғанда алған озған шығар. Бірақ біз білмейтін жан-жақты бүлдіршіндер сол елдімекендерде көп, – деді аймақ әкімі.

Ұйымдастырушылар алдын ала сценарий дайындаған. Бірақ өңір басшысы барлығы еркін форматта, әңгіме-дүкен түрінде жалғасқанын құп көрді. Білім басқармасы өкілдері «Ертіс концерт» залында 120-дан астам оқушы жиналғанын жеткізді. Ең кішілері – 7-8 жаста. Олар да әкімге қызықтырған сауалдарын қойды, Ермек Көшербаев та оқушылардың туған ауылдарына қарай, сол өлкеден шыққан танымал адамдар жайлы сұрады. Кейбірі алда таңдайтын мамандығына қарай бағыттарын айқындап қойған. Көбі білім мен ғылым саласын таңдап отыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ