ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі әскерге шақырту пунктінің жағдайымен танысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі әскерге шақырту пунктіне барып, ондағы жағдаймен танысты. Бүгінде бұл пункттің ғимараты мен іштегі техникалардың тозығы жеткен.
«Биылғы күзде 750 жігіт осы жерден әскерге шақырылады. Бүгінде 175-і медициналық комиссиядан өтіп, қызмет орындарына жіберілді. Шақыру комиссиясының дәрігерлері атап өткендей, тексерулер барысында түрлі ауруы асқынған жастар анықталуда. Диагноз қойылғаннан кейін олар тұрғылықты жерілері бойынша емханаға жіберіледі немесе ауруханаға жатқызылады», - дейді әкім.
Оның айтуынша, шақыру пунктінің ғимаратын жөндеп, жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету керек.
«Жалпы, шығысқазақстандық жігіттердің әскер қатарына өз ниеттерімен баруы, көбінің шекара шебіне шақырылуы қуантады. Сондай-ақ мерзімді қызметтен өткен жастар гранттық негізде университетке түсу үшін жеңілдіктер ала алады. Бұл да өте маңызды», - деді Е.Көшербаев.