Ермек Көшербаев тұрғындарға Алтай ауданының әкімін таныстырды

256
көрілім

Қараша айының 5-і күнгі сайлау нәтижесінде Ренат Құрмамбаев Алтай ауданының әкімі қызметін атқармақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ренат Тілеуханұлын өңір басшысы Ермек Көшербаев көпшілікке таныстырды. Тұрғындар алдында осы уақытқа дейін атқарған еңбегін атап өтіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
- Алтай ауданында дауыс берушілер саны көп болды. Осы арқылы жергілікті жұрттың саяси сауаты жоғары, ауданда оң өзгерістің болуына тілекші екенін аңғаруға болады. Тұрғындар шешімі осындай болған екен, біз әркез қолдауға әзірміз, - деді Ермек Беделбайұлы.
Ренат Құрмамбаев 1980 жылғы 25 қаңтарда Катонқарағай ауданында дүниеге келген.

1994 жылы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжіне «Еңбекті оқыту» мамандығы бойынша оқуға түсті. 2001 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, «Инженер-педагог» біліктілігі берілді. 2006 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша Қазақстан-Америка еркін университетін бітірген.

Еңбек жолы:
1998 жылдан 2003 жылға дейін: Жаңаүлгі кіші орта мектебінде; Ульянов кіші орта мектебінде; Большенарым ауылының Дамитов атындағы орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.
2003 жылғы ақпаннан 2009 жылғы мамырға дейін Катонқарағай ауданында мемлекеттік қызметте әртүрлі лауазымдарды атқарды: ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы; Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр бөлімінің басшысы.
2009 жылдың мамыр айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болып тағайындалды.
2011 жылдың маусымынан 2019 жылдың маусымына дейін Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылдың маусым айынан бастап Катонқарағай ауданының әкімі қызметін атқарды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Ұлан ауданының әкімі.
2023 жылдың мамыр айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдың 15 тамызында Алтай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды