Ернұр Фидахметов Болат Тұрлыханов Кубогінде қола жүлде иеленді

12499
көрілім
Фотосурет grw_vko парақшасынан

Алматы қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан халықаралық рейтингілік турнирде семейлік ағайынды Фидахметовтер бозкілемге шықты. Спортшылардың ішінен Ернұр жүлдеге ілінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Барлығы 29 палуан ел намысын қорғауда. 60 келіге дейінгі салмақта әлемдік деңгейдегі «классиктер» аз болмады. Оларға барынша төтеп берген жерлестеріміз иран, тәжік, үндіс грек-рим шеберлерімен күш сынасты. Дегенмен жарыс барысында Ернар мен Ернұр ширек финалда жолықты. Екеуі екі топқа түсіп белдессе турнир барысы тіптен қызығырақ өтер ме еді, бәлкім, алайда жартылай финалға тек біреуінің өтетіні белгілі. Ағайындылар арасындағы текетірес Ернұрдың пайдасына шешіліп, әрі қарай Ираннан келген Пойя Насерпурмен өзара мықтыны анықтады. Ернұрдың қарсы әдістері арагідік жемісін берді, әйтсе де белдесу нәтижесі 9:4 есебімен Насерпурдың пайдасына шешілді. Ал кіші финалда семейлік спортшы Тәжікстанның мықтысы Фируз Раджаповпен күресіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті!

Ағайындылар құрлықтық додалардың медалін алма-кезек иеленіп келеді. Жарақаттар кедергі болмаса чемпион атануға еш кедергі жоқ. Спорт мамандарының сөзінше, аталған сайыста қола медаль иелену Ернұр үшін айтулы жетістік. Өкініштісі сол, Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін өткен белдесуде Өзбекстанның өкілі Жалғасбай Бердімұратовқа жол берді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ